Бірінші лиганың соңғы турында Қызылорданың «Байқоңыр» командасы сенсация жасап, біріншілік фавориттерінің бірі «Қызылжарды» тізе бүктірді. Ойыннан кейін командамыздың бас бапкері Ерлан Шойтымовпен сөйлесіп, осы ойын жайлы және «Байқоңырдағы» жалпы жағдай туралы аз-кем әңгімелескен едік.
- Ерлан Дарханұлы, «Қызылжармен» болған ойын жайлы айтып берсеңіз. Жігіттердің алдына қандай тапсырма қойған едіңіз?
- Осының алдында ЦСКА командасынан ірі есеппен жеңіліп қалғаннан кейін жігіттермен жақсылап сөйлескенбіз, ағаттық жіберген жерлерімізді айттық. Психологиялық тұрғыда жұмыс жасауға тырыстық. Содан «Қызылжармен» болатын ойынның алдында футболшылардың барлығынан жандарын сала ойнауды, қанша мықты болса да петропавлдықтардан жеңіліп қалмауды сұрадым. Оның үстіне, матч басталарда бізге облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев келіп, футболшылардың жігерлерін жанып кетті. Бұл да жігіттерге көмектесті деп ойлаймын. Басшылықтың қолдауын байқаған олар алаңға батылырақ шықты.
- Бірінші тайм қиын болды ма, әлде екінші таймда футболшыларға қиындау болды ма?
- Бірінші таймда өз мүмкіндігімізді барынша көрсете алмадық. Алайда үзілістен кейін ойын тізгіні бізде болды. Әсіресе есепте алға шыққаннан кейін оңайырақ бола бастады. Қарсылас та ашылып қала берді. Соны ұтымды пайдаландық деп ойлаймын. Рас, соңына таман қонақтар қарқындарын күшейтті. Сондықтан, күштерінің сарқылғандарына қарамай, барынша қарсы тұрған футболшыл
- Жеңістің қолдан сусып кетпейтініне қай кезде түсіндіңіз?
- Тек төрешінің соңғы ысқырығынан кейін. Осылай дегенім дұрыс шығар. Өйткені, таблода 2:2 есебі тіркеліп тұрғанда жартылай қорғаушымыз Самат Балымбетов алаңнан қуылып, 25 минут бойы кем құрамда ойнауға мәжбүр болдық. Тек ойын тізгінін өз қолына алып, қақпаға әдемі соққы жасаудан қорықпаған Бағдат Исмаиловтың жеке шеберлігінің арқасында ғана жеңіс голын соға алдық.
- Премьер-лиганың деңгейіндегі ойыншылармен жасақталған «Қызылжар» сияқты мықты команданы қалай жеңе алдыңыздар?
- Бірінші ретте алаңдағы тәртіптің арқасында болар. Әлбетте, кейбір жерде физикамыз, кейбір тұста тактикамыз озық шығып жатты. Осының барлығы қосыла келе «Байқоңырдың» жеңіске жетуіне себепші болды.
- Бір жылдың ішінде «Қызылжармен» үш рет кездестік. Ойынын әбден жаттап алған шығарсыз?
- «Қызылжарға» қарсы бірінші ел кубогының аясында алаңға шықтық. Меніңше, сол матч тең дәрежеде өтті. Жеңімпаз пенальти сериясында анықталуы тиіс еді. Бірақ қорғаушымыздың бір қателігі жеңіліске әкеліп соқтырды. Одан кейін Петропавлда ойнадық. Ол жақта алаң иелері толық басымдық танытты. Әсіресе қапталдағы ойыншыларын тұсаулап ұстау қиын болды. Футболшыларының жекелей шеберліктері де мықты екендігі көрініп тұрды. Ойын барысында тактикамызды бірнеше рет өзгертіп көрдік. Бірақ нәтиже шықпады. Ал соңғы ойында жігіттердің жігерліктерін әбден жаныдық. Қарсыластың да мықты тұстарын біліп алған едік, соған қарсы амалдар іздестірдік. Міне, осылайша жеңісті жұлып алдық. Оның үстіне, қазір «Қызылжарда» жағдай мәз емес көрінеді. Футболшылар жалақыларын бірнеше айдан бері алмаған екен. Бәлкім бұл да психологиялық тұрғыда петропавлдықтарға әсер еткен шығар.
- Осы жеңіс жігіттерге алдағы «Спартак», «Восток» сынды азулы командаларға қарсы ойында сенімділік әкеле ала ма?
- Иә, жігіттер қазір «Спартакқа» қарсы тыңғылықты дайындалуда. Көшбасшыға қарсы да лайықты қарсылық көрсетуге болатынын байқады. Енді Семейге тек жеңіс үшін барамыз.
- «Байқоңыр» футболшылары қажет емес сары қағаздарды шектен тыс көп алып жатады. Тіпті, қызыл қағаз алып, алаңнан қуылып жатқан ойыншыларымыз да бар. Бұл тұрғыда нендей жұмыстар жасалуда?
- Біз олармен бұл жайында әрдайым сөйлесеміз. Білесіз бе, олардың қазір көздері жанып тұр, өздерін дәлелдегілері келеді. Жасыл алаңда қарсыласынан жол бергісі келмейді. Кейде шектен тыс белсенділік танытып, эмоцияға ерік беріп жатады. Сөйлесіп жатырмыз. Өздерін салқынқандырақ ұстауға, төрешінің ысқырығынан кейін допқа тиіспеуге, ешкіммен дауласпауға үйретіп жатырмыз. Әйтпесе, шынымен де болмашы сары қағаздар көп болып кетті. Уақыт өте келе жігіттердің өздері де мұның дұрыс емес екендіктерін түсінетін шығар.
- «Байқоңыр» турнир кестесінде қаншалықты биікке көтеріле алады?
- Біздің алдымызға осындай орыннан көріну керек деген тапсырма жоқ. Дегенмен, алдымызға асқақ мақсаттар қоямыз. Қазір Бірінші лигада командалардың барлығы шамамен бір деңгейде. Нақты лидер жоқ. Бәрімен де ойнауға болады. Әлбетте, неғұрлым жоғары орындардан көрінуге тырысамыз. Екінші айналым біріншісіне қарағанда әлдеқайда қызық болайын деп тұр. Шамамызды енді байқаймыз.
- Бүгінде «Байқоңыр» сапында Премьер-лига клубтарында ойнауға қабілетті футболшылар бар ма? «Қайсарға» кімді алуға болады?
- Егер «Қайсардың» бас бапкері Федор Щербаченко менен сұрайтын болса, айтамын. Бір маусымның ішінде физикалық тұрғыда да, тактикалық тұрғыда да шеберліктерін шыңдаған ойыншылар жетерлік.
- Ал «Қайсардың» бас бапкері Федор Щербаченкомен танысып үлгердіңіз бе?
- Таныстық, сөйлестік. Алдымен «Қайсарды» дұрыс жолға қойып алайын, сосын дубль және «Байқоңырға» да көмектесемін дейді. Оны да түсінуге болады. Командаға енді ғана келіп жатыр. Сондықтан, алдымен ол «Қайсардың» жұмыстарын реттеп алуға тырысады.