Қызылорданың «Байқоңыр» футбол клубы Бірінші лигадағы алғашқы маусымын 11-орынмен аяқтады. Иә, үлкен додаға биыл ғана қосылған команда үшін бұл жаман көрсеткіш емес. Соңғы турда жерлестеріміз өз алаңында Шымкенттің «Қыранымен» 0:0 есебімен тең түсті.
«Байқоңыр» (Қызылорда) – «Қыран» (Шымкент) 0:0
Ескертулер: Төлегенов, 7. Рүстемов, 65 – Жолдасов, 28. Козюлин, 48.
«Байқоңыр»: Тілеуов, Рахметов, Төлегенов, Төлегенұлы, Бекбанов (Н.Дастанов, 85), Қарабек (Б.Дастанов, 88), Дүйсенбаев, Тілеуқабылов (Балымбетов, 75), Рүстемов, Эссонов (А.Исмаилов, 70), Дүйсембаев.
Резерв: Исламқұлов, Кемалұлы, Пахаев.
«Қыран»: Қаленов, Козюлин, Мыңбаев, Дуплякин, Аметов, Жолдасов (Бөрібай, 60), Фильчаков (Қалдыбай, 77), Муминов (Нәбиев, 90+), Ермырзаев, Онал (Әбдрахман, 86), Жақсыбайұлы.
Бас төреші: Андрей Марсал (Қарағанды)
Қызылорда қаласы, «Локомотив» стадионы, 200 көрермен.
«Қыранды» жеңуге болатын еді. Ойын тізгіні өзіміздің қолымызда болған. Маусым соңында қосымша қанат біткен Әлішер Эсонов, соңғы ойындарда жасындай жарқылдап жүрген Дастан Дүйсембаев, қашан да қайсарлығымен қалың қауымның жүрегін жаулаған Асқат Қарабек сынды ойыншыларымызда гол соғатын көптеген мүмкіндіктер болды. Бұларға Ерболат Рүстемовтің алыстан қақырата тепкен добын, Алмат Тілеуқабыловтың әдемі пастарын қосыңыз. Бәрін айт та, бірін айт, офсайдты желеу етіп, санамай қойған екі голымыз ше? Иә, сәттілік сәл ғана біздің жақта болғанда, онда соңғы турда жеңіске жетіп, маусымды жоғарғы нотада аяқтайтын едік. Рас, екінші таймда қонақтар да оқта-текте шабуылға шығып жатты. Бірақ оның барлығы «Байқоңыр» қақпасына еш қауіп төндірген жоқ. Қорытынды есеп – 0:0.