Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

«ҚАЙСАР» ДАЙЫНДЫҒЫН БАСТАДЫ

«ҚАЙСАР» ДАЙЫНДЫҒЫН БАСТАДЫҚызылорданың «Қайсары» 19 қаңтардан бастап алдағы футбол додасына дайындығын бастады. Жерлестеріміз алғашқы оқу-жаттығу жиынын Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданына қарасты «Ұлан» футбол базасында өткізеді.
Үстіміздегі жылы біздің ойыншылар бірінші лигада бақ сынайды. Негізгі мақсат – үздіктер қатарына қайта қосылу. Яғни, келер жылы Премьер-лигада ойын көрсетуге күш салмақ. Әрине, ол оңай емес. Өйткені, бірінші лигада да мықты ұжымдар бар. Жолдама жалғыз. Оған бірінші орын алған команда ғана ие бола алады. Қазірдің өзінде одан үміткер ұжымдар бар. Солардың бірі – Өскеменнің «Алтай» клубы. Бұрынғы жылдарда ойын көрсеткен Өскеменнің «Востогы» мен Семейдің «Спартагы» биыл біріктірілді. Сондай-ақ, Петропавлдің «Қызылжар» және Ақтаудың «Каспий» командаларының да ұпайды үлестіре бермейтіні тағы бар. 
Өткен жылмен салыстырғанда «Қайсардың» бапкерлер және ойыншылар құрамында көп өзгеріс бар. Олардың барлығы жергілікті мамандар болып отыр. Атап айтқанда, бас бапкерлік Сұлтан Әбілдаевқа жүктелді. Оған Ерлан Шойтымов көмекшілік жасайды. Қақпашылар бапкері – Артур Ким. Ал Серік Досманбетов команда басшысы болса, әкімші қызметінде Алексей Тен болады. Сонымен қатар, Сәкен Дөңесов дәрігер, Ақан Тәженов массажист болады. 
Соңғы екі жылда «Қайсар» намысын қорғаған шетел және өзге қалалардан келген ойыншылардың барлығы кетті. Сондай-ақ, жергілікті футбол түлектері – Алдан Балтаев «Атырауда», Жасұлан Молдақараев «Оқжетпесте» сынақтан өтіп жүр. 
Оқу-жаттығу жиынына 8 қызылордалық ойыншы шақыру алды. Олардың қатарында Шыңғыс Таңатқанов, Айбол Жақаев, Самат Балымбетов, Олжас Алтаев, Алмат Тілеуқабылов, Асхат Қарабек, Елжас Алтынбеков және Думан Нәрзілдаев бар. Ал өзге қалалардан 16 футболшы «Қайсарда» бақ сынап көрмек. 
Оқу-жаттығу жиыны барысында бірнеше жолдастық кездесу өткізу жоспарланып отыр. Өткен аптаның жұмасында сол ойындардың алғашқысы болды. Жерлестеріміз Шымкенттің «Ордабасы» клубының қосалқы құрамын 3:2 есебімен тізе бүктірді. Біздің команда сапынан Самит Чулагов пен Елжас Алтынбеков (2 доп) гол соқты. Жиын 26 қаңтарға дейін созылады. 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: