Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Жартылай финалға жарты қадам қалғанда сүріндік

Жартылай финалға жарты қадам қалғанда сүріндікЖартылай финалға жарты-ақ қадам қалған еді, өкінішке қарай, қолда тұрған жеңісті жіберіп алдық. Осылайша ел кубогының ширек финалы аясында ел чемпионы «Астананы» қабылдаған «Қайсар» овертаймда 1:2 есебімен жеңіліп қалды.
«Қайсар» – «Астана» 1:1 (1:0), қосымша уақытта 1:2
Голдар: Юнузович 45 (1:0), Твумаси 69 (1:1), Твумаси 110 (1:2)
Соғылмаған пенальти: Нехтий 84
Ескерту алғандар Шестаков 38, Пирошка 44, Кляйн 94 — Кетевоама 31, Ахметов 57
«Қайсар»: Прядкин, Кляйн (к), Мулдаров, Кейлер, Ирисметов, Шестаков, Скорых (Струков 77), Мужиков, Нехтий (Алтынбеков 101), Пирошка (Балтаев 66), Юнузович 
Резерв: Нурмухаметов, Вороговский, Нұрдәулетов, Хунт
«Астана»: Голубничий, Пикалкин (Жуков 54), Аничич, Ахметов, Шомко, Каньяс, Жолшиев, Қонысбаев (Твумаси 66), Бейсебеков, Кетевоама (к), Щеткин (Постников 112) 
Резерв: Логиновский, Нөсербаев, Кұлбеков, Жаңғылышбай
Төрешілер: Измайлов (Талдықорған), Полуэктов (Тараз), Шабанов (Алматы) 
20 мамыр. Қызылорда.  Г.Мұратбаев атындағы стадион. 2 мың жанкүйер.
 Бұл «Қайсар» мен «Астананың» биылдыққа екінші кездесуі. Ел чемпионатының 9-туры аясында жолдары түйіскен. Аса тартысты өткен текетірес 2:1 есебімен Сыр командасының жеңісімен аяқталған болатын. Ал голдарды алаң иелері сапынан Алексей Мулдаров пен Жасұлан Молдақараев соқса, қонақтар сапында Неманья Максимович тура соққымен көзге түскен еді. Алайда әртүрлі себептерге байланысты сол үшеуінен тек Мулдаров қана алаңға шықты. Жалпы, Дмитрий Огай бұл жолы құрамға біраз өзгеріс енгізіпті. Көрінбей кеткен Владислав Нехтий, жоқ болып кеткен Юрай Пирошка, дубльде жүрген Сергей Кейлер сынды жігіттер бірінші минуттан-ақ ойынға қосылды. Қонақтардың бас бапкері Станимир Стоилов болса, қақпашы Ненад Эричтің орнына жас кипер Михаил Голубничийді шығарды.
Ал ойын асыра сілтегеніміз емес, негізінен «Қайсардың» қарқынды шабуылдарымен өрбіді. Әдетте қорғанысқа көбірек көңіл бөлетін Дмитрий Огайдың командасы бар күшті шабуылға салып, қонақтардың айып алаңын торуылдаумен болды. Нәтижесінде үзіліске санаулы секундтар қалғанда Эдин Юнузовичтің қақырата тепкен соққысы қақпа торында тулап жатты.
  Үзіліске көтеріңкі көңіл күймен шыққан «қасқырлар» екінші таймды да қарқынды бастады. Алайда, «Астана» қорғаушылары қателікке бой алдырмай, сауатты қорғанып жатты. Жас қақпашы Михаил Голубничий де қажетті жерден дер кезінде табылып, Эричтің орнын жоқтатпады. Әйтпесе, Владислав Нехтий де, Эдин Юнузович пен Юрай Пирошка да қонақтардың қақпасын жиі піспектеген еді. Сондай-ақ, Сергей Кейлердің жойқын соққысы да елордалық команда киперінің қолынан табылды. Ал 69-минутта алаңға жаңа ғана қосылған Патрик Твумаси таразы басын теңестіріп кетті. Сол қапталдан әдемі пас алған ганалық шабуылшы Кирилл Прядкинмен жеке-дара шығып, айласын асырды. Иә, алаң иелерінде жеңісті жұлып алатын керемет мүмкіндік болған еді. Алдан Балтаевты шалып жыққаны үшін бас төреші Денис Измаилов «Астана» қақпасына пенальти белгілеп, «Қайсарға» тамаша сыйлық тарту еткен. Нүктеге жақындаған Владислав Нехтийдің соққысын, өкінішке қарай, елордалық қақпашы Михаил Голубничий қайтарды.
Осылайша негізгі уақыт тең аяқталып, төреші 15 минуттан тұратын екі кезеңдік экстра-тайм белгіледі. Мұнда да «қасқырлар» шабуылда барынша тырысып, гол соғудың небір амалдарын жасады. Дегенмен, аздап шаршап қалғандары көрініп тұрды. Ал кездесудің аяқталуына бес минут қалып, көрермен пенальти сериясына дайындалып отырғанда Патрик Твумаси тағы да сол қапталдан сытылып өтіп, Кирилл Прядкин қақпасына екінші голды соғып кетті.
Иә, осылайша бәрі біз үшін тамаша басталған ойында сәттілік қонақтар жағында болып, «Астана» жартылай финалдың жолдамасын қолымыздан жұлып алды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: