Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы 2018 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу турнирінің алғашқы кездесуінде Польша құрамасын қабылдайды, деп хабарлайды Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі.
Матч алдындағы баспасөз мәслихатында Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов пен қорғаушы Елдос Ахметов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің сауалдарына жауап қайтарды.
Ұлттық құраманың негізгі ойыншылары Таңат Нөсербаев пен Юрий Логвиненко жарақаттарына байланысты Польшамен өтетін ойынға қатыса алмайды. Орталық қорғаушының алаңға шыға алмауына байланысты ойын жүйесіне өзгеріс енгізіледі, - дейді Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Маруанұлы. – Польша құрамасы мықты ұжым. Еуропа Чемпионатында бұл құраманың ойынын көрдіңіздер. Көптеген ойыншылары Еуропаның беделді чемпионаттарында ойнайды. Олар туралы мәлімет жеткілікті. Дегенмен біздің ойыншылар аса үлкен жауапкершілікпен дайындық жүргізуде. Әрине, ойында жеңіске жеткіміз келеді.
Айта кетейік, Қазақстан мен Польша құрамалары арасындағы матч ертең, 4 қыркүйек күні сағат 22:00-де басталады. Матчты Қазақстан Ұлттық телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.