Жақында Қызылорда қаласында облыстық волейбол федерациясының отырысы өтті. Аталмыш жиналысқа облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев, «Монтажспецстрой» ЖШС бас директоры Рая Үдербаева, спорт ардагері Тұрғанбек Алтынбеков және волейболдан облыс жаттықтырушылары мен спортшылары қатысты.
Жиналыста сөз алған басқарма басшысы өңіріміздегі волейбол спортының жетістіктеріне тоқталып, облыс бойынша аталмыш спортпен 1000-нан аса спортшы шұғылданатындығын және аймағымыздың намысын қорғап жүрген жасөспірімдер құрама командасы 8 дүркін Қазақстан чемпионы, 2 дүркін Қазақстан кубогының иегері атанғандығын айтты.
Осы орайда, облыста волейбол спортының дамуына үлес қосқан азамат және облыстық волейбол федерациясының негізін қалаушы Тұрғанбек Алтынбековтің жасаған еңбегін сөз етіп, ризашылығын білдірді.
Жиналыс барысында облыс спортшыларын жоғарғы жетістіктерге жеткізу, игі шараларды атқару мақсатында волейбол федерациясының президенті болып Рая Үдербаева сайланды. Жаңадан сайланған федерация президенті Сыр елі спортының дамуына, оның ішінде волейболдың жандануына жұмыла іс атқаруға шақырып, өз тарапынан жан-жақты үлес қосатындығын жеткізді.