УЕФА-ның Ньондағы штаб-пәтерінде қыздар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу додасына жеребе тарту рәсімі өтті.
Айта кетерлігі сол, 17 жасқа дейінгі бұрымдылардың топтық кезеңін ұйымдастыру құрметі Қазақстанға сеніп артылды.
Сонымен, жеребе тарту рәсімінен соң белгілі болғандай, 17 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасы екінші топта Аустрия, Шотландия және Латвия құрамаларына қарсы ойнайды. Тұңғыш рет топтық кезеңнің ойындарын қазақстан тарапы ұйымдастырмақ. Ойындар 2015 жылдың 10-16 қазаны аралығында өтеді.
Ал 19 жасқа дейінгі Қазақстан қыздар құрамасы 5 топта Германия, Сербия және Венгрия құрамаларымен кездеседі. бұл топтың ойындары 2015 жылдың 15-20қыркүйегі аралығында Венгрияда өтеді деп жоспарланған.
Қазақстан футбол федерациясының атынан жеребе тарту рәсіміне ҚФФ Әйелдер футболы бөлімінің басшысы Әнуар Биданов пен ҚФФ Әйелдер футболын дамыту комитетінің төрағасы Бауыржан Әбдубайытов қатысты.
Сондай-ақ, Ньондағы шара барысында Қазақстан тарапы белсенді түрде ат салысып жатқан УЕФА-ның қыздар арасындағы 16 және 18 жастағы құрамаларының турнирлерін дамыту мәселелері де талқыланды.
Осылайша 2015 жылы 16 жастағы қыздар құрамалары арасындағы Даму турнирі 15--19 сәуір аралығында Әзірбайжанда өтетін болып шешілді. Қарсыластарымыз - Әзірбайжан, Грузия және Грекия бұрымдылары.
17 жасқа дейінгі Даму турниріне қатысатын қыздарымыз өз ойындарын Уэльс елінде 2015 жылы мамырдың 4-і мен 8-і аралығында дода қожайындары, Солтүстік Ирландия және Фарер аралдарына қарсы өткізбек.
Ал Қазақстан Даму турнирінің 18 жасқа дейінгі бұрымдылар құрамалары арасында өткізбек. Келесі жылы 15-19 маусым аралығында өтетін турнирде елімізге Эстония және Әзірбайжан құрамалары келеді. Ал Қазақстанға бұл турнирде екі команда қатыстыруға рұқсат етілді.