Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Қазалыда республикалық турнир мәресіне жетті

Қазалыда республикалық турнир мәресіне жетті Үстіміздегі жылдың 22-23 қараша күндері Қызылорда облысы, Қазалы ауданында 1999-2000 жылдары өмірге келген жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен республикалық ашық турнир аяқталды.
Бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған турнирге Алматы қаласы, Ақтөбе, Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда облыстарынан және Өзбекстан, Қырғызстан Республикаларынан 300–ге жуық спортшы шеберлік байқасты. Биыл тоғызыншы мәрте жалауын көтерген жарыс 11 салмақ дәрежесінде өткізілді. Аталмыш турнирден Қызылорда облысының спортшылары 15 жүлдені иеленді. Оның 3-уі алтын, 5-уі күміс, 7-уі қола медаль. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлер диплом, медаль және естелік сыйлықтармен марапатталды. 
Айта кетейік, дүбірлі дода Қазалы ауданында алғашқы рет заманауи үлгіде пайдалануға берілген спорт кешенінде өткізілді. Елбасының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің қолдауымен бұқаралық спортты дамыту мақсатында жаңадан бой көтерген спорт кешенінің құрметті қонағы даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов болды. 
Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған спортшылар: 29 келі салмақта: Дәулет Әшірхан (Жамбыл облысы), 32 келі салмақта: Диас Сайлауов (Ақтөбе облысы), 35 келі салмақта: Әбдіғали Қалқаметов (Жамбыл облысы), 38 келі салмақта: Бердібек Құттыбаев (Қазалы ауданы), 42 келі салмақта: Ақтан Тәңірберген (Қазалы ауданы), 47 келі салмақта: Марлен Нұрбекулу (Қырғызстан), 53 келі салмақта: Марат Керимбеков (Қырғызстан), 59 келі салмақта: Ақжол Махмудов (Қырғызстан), 66 келі салмақта: Талас Қанжарбекулу (Қырғызстан), 73 келі салмақта: Еламан Аюп (Қазалы ауданы), 85 келі салмақта: Дәулет Досыбаев (ОҚО).
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: