Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Доспан шайық

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Тұңғыш Президент - Елбасы барлық халық пен өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болатынын, оны сол халықтың әрбір азаматы білетінін айтып өтті. Бұған қоса: «Туған жердің тарихын, тау-тасын, өзен-көлін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс» деген еді.
Сыр бойында да рухани қайнар бұлақ болатын киелі мекендер бар. Солардың бірі Шиелі ауданындағы – «Оқшы ата» мазараты. Тарихы тереңнен сыр шертетін киелі орынның тұсынан өткен жұрт тоқтап, дұға бағыштап өтеді.
Қазақ тарихында ерекше орны бар, Сыр өлкесінде 3 үлкен зиярат кешені болған. Солардың бірі осы Оқшы ата мазараты. Мұнда қазақтың жеті бірдей әулиесі, сөзге шешен би-датқалары мен батырлары мәңгілікке тыным тапқан.
Осы киелі жерде жатқан жатқан ел қадірмендерінің мазары сонау орта ғасырдан күні бүгінге бұзылмай жетіп отыр. Олар – Оқшы ата, Асан ата, Ғайып (Қайып) ата, Қыш ата, Кітап ата, Қабыл ата, Есабыз әулие және Қабыл әулие. Біз осы Оқшы ата әулиелер мазаратындағы тарихи тұлғалар турады мақалар сериясын жалғастырамыз. Бүгін осы мазаратта жерленген көріпкелдігімен елге танылған Доспан шайық атамызға тоқталамыз.
Есабыз әулиенің киесі қонған әрі оның ұрпағы саналатын Доспан Шайық Қожабекұлының да әулиелігі Шиелі жұртшылығына жақсы мәлім.
Шыққан тегі – Торы қыпшақта Абыз руының ішіндегі Ақын Абыз тармағы. Ол 1867 жылы дүниеге келіп, 1943 жылы қайтыс болған. Қарапайым шаруа адамның атағы айтқаны мүлт кетпейтін көріпкелдігімен тараған.
Оның аруақтармен тілдесетін, тіпті ұшып жүретіндей қасиеттері болған деседі. Тапқан адам көліктің жүйрігі атпен, болмаса жаяулап тарта беретін ол заманда күншілік жерге лезде барып қайтатын, ернеуі толып ағып жатқан асау Сырдария өзенінен қайықсыз-ақ өтіп кететін қабілетін талай адам өз көзімен көріп, әулиелігін мойындаған.
Мұсылман үшін қасиетті әр бейсенбі, жұма күндері зираттары әр қиырда жатқан Бақты ата, Түкті ата, Оқшы ата, Қабыл ата, Меңлібай Сейіт сияқты әулиелерге барып, зиярат етіп қайтып жүрген. Жаз уағында мәсі аяқ киімін қолтығына қысып, жалаң аяқ жаяу кете беретін ол кісінің ірі адыммен әр жерге бір жаңа түскен бөлекше ізін көріп, қуып жетуге талпынғандар еш жете алмайды екен.
Доспан Шайық екі рет шаңырақ құрыпты. Бірақ соңында ұрпақ қалмаған. Екінші әйелі Тәжбике апай 15 құрсақ көтергенімен бәрі де шиеттейінен шетінеп кеткен. Он бесінші перзентін дүнеиеге келерде Доспан Шайық жұбайы Тәжібикеге қыз туатынын, оның қолы кәдімгі саусақтар орнына моншақ болатындығын, бірақ одан қорықпауын ескертеді.
Моншақ саусақты ерекше сәбиді көріп қайран қалғандарын еске алып қоятын көне көздер ауылда әлі бар.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: