» » Сыр өңірінде Көрісу күні қалай тойланады?

Сыр өңірінде Көрісу күні қалай тойланады?

Айдар: Тарих / Сонғы жаңалықтар
Жер-дүние жаңғырып, көктем мезгілі келген шақта барша қазақ баласы шексіз шаттыққа кенеліп жатады. Қалың қазақ ұйысқан Сыр өңірі мұндай мереке мезіретін кешегі кеңестік кезеңде де естен шығара қойған жоқ. Елдің ішінде сол кезде «13 наурыз - Самарқанның көк тасы еріген күн» деген түсінік бар болатын. Оны еліміздің батыс өңірлерінде Көрісу күні ретінде тойлап жатады. Ал ол Сыр өңірінде қалай тойланды? Халық оны қалай деп атады? Осы орайда филология ғылымдарының кандидаты, түркітанушы Серікбай Қосанның пікірін білген едік.
«Кеңестік кезеңде қазақ халқы Наурыз мерекесін ресми түрде тойлаған жоқ шығар. Дегенмен, бұған қарап бәрін ұмыт қалдырдық деп айтуға ешбір негіз жоқ. Бала кезімізден көз алдымызда қалған көрініс бар. Аналарымыз көше-көше болып наурыз көже пісіріп жататын. Әдетте, ол төрт түлік төлдеп, елдің ауызы аққа жеткен уақытта тойланатын. Шынын айту керек, ерте кезден қазақтың бар тіршілігі малмен байланысты болғаны белгілі. Халқымыз амандық-саулық сұрасқан шақта алдымен «Мал-жан аман ба» дейтін еді. Осының өзі біздің негізгі тіршілік көзіміз төрт түлікпен қабысып жататынын аңғарамыз. Сондықтан үлкендер мал төлдеп, халық уыз көже ішетін уақытта Наурыз мерекесіне қам-қарекет жасайтын. Негізінде ерте көктемді жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер уақыты ретінде бағалаймыз ғой. Халқымыз қытымыр қыстан құтылып, жер басы кеңіген шақты асыға күтеді. Жер тоңы жібіп, қырда көк қылтия бастаған шақта елдегілер наурыз көжесін пісіреді. Бұрынғы уақытта оның құрамында міндетті түрде уыз дәмі болатын. Оның себебі бар. Қазақ ертеден төрт түліктің бабын жасады. Жаз жайлауда, қыс қыстауда жүрді. Егіншілікпен айналысқан жоқ. Сондықтан наурыз көже құрамында қазіргідей жеті түрлі дәннің болуы сирек кездесті. Көжеге негізінен мал өнімдері қосылатын. Ертеде елдегілер 13 наурызды уыз көже тойы деп атайтын. Оны талай естігеніміз бар», - дейді Серікбай Қосан. Ғалым бұл күннің неліктен Көрісу күні аталғаны жөнінде де өзінің пікірін білдірді. Оны кейбір азаматтар Қауышу күні деп атау керек деген ұсынысы жөнінде ойын айтты. «Бұрынғы жылдарда қазіргідей шалғайда жатқан ағайынмен күнде кездесуге еш мүмкіндік жоқ. Жылына бір мәрте жүздесіп жатсаң - ғанибет. Ағайын осындай мереке мезіретінде бір-біріне арнайы келіп, амандық-саулығын сұрасып, бір-бірімен көрісетін болған. Сондықтан оған Көрісу күні деп атау берген. Осыған орай бұл күнді басқаша атауға негіз жоқ. Көрісу деген сөзден басқаша мағына іздеуге болмайды. Қуанарлығы, соңғы жылдарда Сыр өңірінде атаулы күн кең ауқымда тойлана бастады. Осылайша, жас ұрпақ дәстүр дәреметін көріп, ата-бабадан аманатқа айналған ұлттық құндылықты дәріптеуге жол ашылды. Облыс жұртшылығы биыл Наурыз мерекесін бірнеше күн бойы тойлауды жоспарлап отыр», - деді Серікбай Қосан.