Facebook WhatsApp Instagram

0

ӘЛЕМГЕ БЕЛГІСІЗ «ҚАЗАҚ ГЕНІ» ТАБЫЛДЫ

 

Астана қаласындағы трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығындағы HLA-зертханасының мамандары әлемге белгісіз қазақ ұлтына ғана тән антигенді тапқан. Қазақ популяциясының жаңа тұқымы халықаралық деректер қорында тіркелді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Зертханада донор мен реципиенттің қанын зерттеу арқылы олардың сәйкестігін тексереміз. Осындай тексеру барысында қазақ пациентінің қанынан жаңа лейкоцетарлық геннің түрін анықтадық. Бұл әлемдегі біздің ашқан жаңалығымыз болды. Дүниежүзінде еш жерде табылмаған ген Қазақстанда табылып жатыр», - деп мәлімдеді трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының тіндерді иммунологиялық типтеу зертханасының меңгерушісі Аида Тұрғанбекова.
Маманның сөзінше, әлемде қазақтардың қанына ешкім осындай зерттеу жүргізген емес.
«Біздің өзімізге тән жаңа антиген табылып жатыр. Себебі ешкім қазақтың лейкоцетарлық антигенін зерттеген жоқ. Біз бірінші болып осыны қолға алдық. Сондықтан осындай жаңа гендердің анықталуы әлі де жалғасады деп ойлаймын», - дейді трансфузиолог.
Жалпы, қазіргі таңда әлемде 150 миллионға жуық антиген анықталған екен. Қазақтан табылған антиген Германияға жіберіліп, оған «DQB1*03:82» атауы берілді. Осылайша, қазақ популяциясының жаңа тұқымы халықаралық деректер қорында тіркелді.
Біздің мамандардың айтуынша, бұл әдеттегі антиген және ешқандай ауруға әсер етпейді. Бірақ трансплантация кезінде оны мұқият зерттеу керек.
«Лейкоциттерде арнайы антиген болады, ол адам мүшелерін ауыстырған кезде оны қабылдамауы мүмкін. Сондықтан осындай жағдай болмауы үшін донор мен реципиенттің осы гендерінің сәйкестігін қараймыз. Сонда ғана трансплантация жүргізіледі», - дейді зертхана меңгерушісі.
Айта кетейік, Астана қаласындағы трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығындағы HLA-зертханасы 2011 жылы ашылған. Бұл зертханасыз органдарды трансплантациялау мүмкін емес. 2011-2015 жылдар аралығында 536 операция жасалған.

Айымгүл ӘБІЛЕВА.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: