Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарабевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында біртұтас ұлт тарихын игеру үшін әуелі туған өлке тарихын білу керектігін айтқан болатын. Қазіргі таңда осыған байланысты көптеген жұмыстар жүріп, аймақта «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында туған жердің мәдениеті мен өнегелік құндылықтары дәріптеліп жатыр. Осы тұста, біз де аудан көлеміндегі тарихи құндылықтарға толы жерлерді, мемлекет қорғауындағы ескерткіштерді аралап, рухани-мәдени жәдігерлерімізді жеткізуді қолға алған едік. Осы жолы Шаған ауылындағы көнеден қалған мұраларға сапар шегіп, өркениеттің ізі болған тарихи ескерткіштерге бардық. Жергілікті ақындар «Ақ Шағаным» деп жыр шумақтарын арнаған ауыл аудандағы халық көп шоғырланған мекен. Бұл жерден айтулы ақындар, қол бастаған батырлар, дарынды тұлғалар шыққан. Сұлу Сырдың бойында орналасқан елді мекен көптеген тарихи оқиғаларға куә болып, осы жерде Қоқан билігі мен қазақтар арасында қақтығыстар орын алған. Олай дейтін себебіміз, ХҮІІІ ғасырда Қоқан хандығы құрылып, Сырдария өзені бойын жайлады. Осы төңіректе бекіністер салып, қоқандықтар билігі нығая бастады. Қазақтармен тайталас күшейіп, өз билігін жүргізген болатын. Оның ар жағында да көптеген текетірестер болған. Міне, сол кездерден бүгінге жеткен қорған, қалашықтар Шаған ауылының төңірегінде жетерлік.
Елді мекен аумағында Үлкен асар, Кіші асар, Күміс қорған қалашықтарының орны бар. Тарихи жерлермен танысу үшін бізбен бірге зейнеткер Рамазан Аханұлы бірге жүрді. Кезінде совхозда бригадир болып қызмет жасаған Рамазан аға шаруашылық адамдарымен бірге осы жерлерде күріш еккен. Ол кісі бізді алдымен Кіші асар қалашығына бастап барды.
Ауылдың солтүстік-батыс беткейінде 5-6 шақырымда орналасқан қалашық б.э.д. ІҮ-І ғасырларды қамтиды. Қалашық археологиялық ескерткіш қатарына жатады. Аудан орталығынан 18 шақырымда тұр. Төбенің диаметрі 30 метр. Оңтүстік жағынан кіретін қақпа бар тәрізді. Жолсерік болған ағамыз бұл төбелер қолмен үйілгендігін айтты.
– Бұл әдейі үйілген. Жаугершілік заманда жаудың тұтқиылдан шабуылын үлкен бекіністерге жеткізіп, әскердің дайын болуы үшін белгі беру керек болған. Осы мақсатта дария бойында топырақтан төбе жасап немесе қорғандар тұрғызылып, сол арқылы бір-біріне белгі берілген. Төбенің ортасына отынды жинап қойған. Жау шапқанда белгі ретінде жағатын болған. Мұндай асарлар осы жерде ғана емес. Қармақшыдан әрі асып кете береді, - деген Рамазан аға төбе айналасы тегістегелгенде адамдардың сүйектері табылғандығын жеткізді. Қазіргі 8-бригаданың жерінде 1980 жылдары ММО (мелиоративно-механизированный отряд) жер тегістеу жұмыстарын жүргізіп, күріштік жерлер ашқан. Жас бригадир Р.Аханұлы осы жерде 13 гектар жерді тегістеткен. Сол кезде адамның сүйектері шығыпты.
– Жер тегістегенде Шахуал деген кісі скреперін (авт. жер тегістейтін техника) тастап қашқан еді. Шыққан сүйектерді отрядтың жігіттері киімдеріне салып дала қосына (полевой) алып келді. Бригадада Әбсадық деген күрішші болды. Жасы үлкен тұғын. Сол кісі Құран оқып, сүйектерді матаға орап, көмген болатынбыз, - деді зейнеткер.
Кіші асар қалашығынан кейін Үлкен асарға бет алдық. Екеуінің арасы 2-3 шақырым. Бірақ төте жол жоқ. Шіркейлі каналынан күріштікке су келетін ЛМК-16А каналы бойымен жағалап, айналма жолмен жеттік. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің сол жағындағы Үлкен асар қалашығы да Кіші асар қалашығымен бір уақытты қамтиды. Бірақ Кіші асардан биік. Кезінде төбе үйілгенде айнала ор қазылып, қорғанмен қоршалған болу керек. Қалашықта әскер ұсталған деседі.
– Негізінде, осы екі асарда әскер ұстаған. Бір-біріне жақын орналасқан. Айналасында елді мекендер де болған, - деген Рамазан аға: – Біз егемендік алғанша бұлардың тарихын зерттеуге мүмкіндік болмады. Мұның бойында көптеген қақтығыстар болған ғой. Жоңғар шапқыншылығы орын алды, 1220-1221 жылдары Шыңғыс хан осының үстімен басып өтті. Одан қалды Қоқан хандығы өз билігін жүргізді. Міне, осындай тарихқа куә болған асарларға археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізсе, көптеген құнды жәдігерлерді тауып, мәліметтерге қанық болар едік, - деді.
Мұнан соң Күміс асар қалашығына жол тарттық. Мұны Күмісқорған деп те атайды. Шаған ауылы мен Ақжарма ауылының шекарасында, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойындағы Іңкәрдария елді мекеніне бұрылыста орналасқан. Шаған ауылына 8 шақырым жерде тұр. Бұл осы аумақтағы асарлардың орталығы болған. Оның уақыты ескерткіш тақтада «І-ҮІ-ІҮ ғасырлар», ескісінде «орта ғасырда салынған» деп тұр. Ал аудандық мәдениет бөлімінің мәліметінде б.д.д. VІ-І ғасырларды қамтиды делінген. Енді Шіркейлі каналының жағасындағы қорғанды зерттеушілер қоқандықтардың қорғаны деп, 1818 жылы салынған дейді. Этнограф ғалым Тынышбек Дайрабай «Сыр перзенттері кітабында» «Күмісқорған – қоқандықтар қорғаны. Қоқандықтар мен хиуалықтар шекарасында 1818 жылы салынған. Күмісқорған қалдығы Сырдария (Тереңөзек) ауданының Ақжарма мен Шаған ауылының шекарасында Шіркейлі каналының жағасында сақталған. Қалашық төртбұрышты квадрат әдісімен салынған. Биіктігі 3-5 метр, кейбір жерлері 4,5 метрге жетеді. Күмісқорғанның аумағы 35х35 метр. Айналасында қарауыл мұнаралары болған. Мұнда зеңбіректері бар қарулы әскер тұрған. Күмісқорған Ақмешіт пен Қуаңдария арасындағы қазақ ауылдарына билік жүргізу мақсатында салынған. Қорғандағы билік басындағылар елден құшыр, зекет жинап және әрбір отбасынан 1,5 теңге күміс ақша түтін пұл салығын алып тұрған. Қорғанның Күмісқорған аталуы туралы түрлі аңыз-әңгімелер сақталған. Соның бірі зорлықпен келген Күміс атты қазақ қызының ауылдастарына көмегі айтылады. Қорғанды Бұқарбай, Тоғанас, Түлкібай батырлар шапқан. 1852 жылдың 8 тамызында орыс армиясының полковнигі И.Ф.Бларамберг Күмісқорғанды басып алады. Оған қазақтар да көмектескен. Бұл жайлы полковниктің «Естеліктер» атты кітабында жан-жақты айтылады» деп мәлімет берген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Бақытжан Ахметбек те өзінің «Ел қорғаны – Түлкібай батыр және Сыр бойындағы Алаша руының батырлары» атты зерттеу мақаласында да Күмісқорғанның 1818 жылы салынғанын растайды.
Қорған этнограф ғалым анықтама бергендей шаршы пішінді. Оның аумағы сол 35-40 метр шамасында. Солтүстік бөлігінде цитадель орналасқан және кешенді айнала бекініс қамалы қоршап жатыр. Цитаделдің сақталған биіктігі 5 метр. Оның құрылысына саз пайдаланылған. Қамалдың сыртынан айнала ор қазылған. Қорғанның солтүстік-батыс бұрышында «Осы Күмісқорғанда Түлкібай Жаңатайұлы Қоқан бегі Ниязбектің қазақ намысын таптағаны үшін 1853 жылы басын алған» деген жазумен белгі қойылған. Мұны сұрағанымызда Рамазан аға «Біздің бала кезімізде Шағанның батысындағы 211 деген жерде малшылар отырды. Міне, сол шақта біз осы Күмісқорғанның айналасында ойнап жүретінбіз. Ол кезде қорған қақпасының слемі бар еді. Қазір көміліп қалыпты. Әйтеуір, «Алашадан шыққан батыр Қоқан бегін өлтірген» деген аңыз-әңгімені үлкендерден естігенім бар» деді.
Қазақтың батыры туралы Бақытжан Ахметбек жоғарыда аталған мақалада: «Түлкібай батыр Жаңатайұлы қазіргі Қызылорда облысы Сырдария ауданы жерінде ХІХ ғасырдың 1-ші жартысында өмір сүрген. Батырдың бейіті Қызылорда облысы Сырдария ауданында. Түлкібай Жаңатайұлы батырлығымен қоса елін билеген білікті би болған тарихи тұлға. Елі мен жерінің азаттығы үшін Қоқан, Хиуа хандықтарының басқыншыларымен күрескен. Тегі – Алшын-Байұлы-Алаша-Алтыбас аталығынан...
Түлкібай батыр қоқандықтардың осы Күмісқорған қорғанының бегі Ниязға қарсы қол бастайды. Көмекке жерлестері, Сыр бойының батырлары Шөмекейдің батыры Тоғанас Бәйтікұлы мен Табынның батыры Бұқарбай Естекбайұлын (1812–1898) шақырады. Осы уақытары Күмісқорған бекінісінің ішінде ме, бекіністің маңайында ма аударыспақ сайысы өткізіліп жатады. Аударыспақ сайысы – қазақ халқының ХІХ ғасырдағы жекпе-жек спорт түрлерінің бірі. Міне, осы аударыспақ сайысында қазақтың Түлкібай батыры Күмісқорған қорғанының иесі, қоқандық Нияз бекпен сайысқа түседі. Түлкібай батыр Нияз бекті атынан аударып құлатып, оның атын алады, яғни Түлкібай батыр сайыста жеңіске жетеді.
Т.Дайрабай 2005 жылы «Сырдың сырлы сыры» атты кітабының 122-бетінде былай деп жазады: «Қоқан бегі Нияз Түлкібайға кек сақтап, батырды өлтіріп, ауылын шабады. Осы оқиғадан кейін Шөмекейдің Тоғанас батыры келіп, Қоқан бекінісін шауып, Ниязбекті өлтіріп кетеді»...
Зерттеу жұмыстары кезінде Қызылорда облыстық мұрағатының №885 қорының 2 тіркеу, 1-ші іс құжатында Түлкібай батырдың қазасы туралы мынандай мәлімет табылды. Орынбор генерал-губернаторына 1853 жылдың 13 шілдесінде генерал-майор Ладыженскидің жіберген хатында: «1853 жылы мамыр айында 2000 шаңырақ қазақтар Шеңгел шатқалына бара жатқан кезінде Сырдария бойындағы Киіктөбе шатқалында қарақалпақ биі Лепес 300 қоқандықтармен аяқ астынан шабуыл жасайды. Қоқандықтармен болған ұрыста Алаша руының биі Түлкібай Жаңатаев қазаға ұшырайды. Қоқандықтар 500 шаңырақ қазақты өзімен бірге, Ақмешітке апарып, олардың аттарын және басқа да малдарын тартып алып, өздерін Көкжиде шатқалына жібереді» – деп жазған. Есіл Ер Түлкібай батыр елі үшін, жері үшін қоқандықтармен болған ұрыста жау қолынан қаза болады. Түлкібай батырдың артында Баймен атты ұлы қалады. Байменнен Оспан, одан Иманғали, одан Сапар дүниеге келеді. Қазіргі уақытта Түлкібай батырдың ұрпақтары Сыр өңірінде, Алматы қаласында тұрып жатыр» деп жазады. Ал біз Ер Түлкібай туралы 85 жастағы ауыл ақсақалы Сақтаған Есжанұлынан сұрадық. Ол кісі ел аузында жүрген аңыз-әңгімені айтып берді.
– Күмісқорған Қоқан хандығының нағыз орталығы болған. Қоқан билігі кезінде олар қазақтарға тыныштық бермеген. Салық салып отырған, - деп бастаған ақсақал Ер Түлкібайдың ерлігін айтты.
Қазаққа билігін жүргізіп отырғаннан кейін Күмісқорғанның бегі Нияз күн сайын қазақтың қаракөз қызы мен бір қойды әкеліп беруді талап етеді. Бұдан халық әбден азар көреді. Оң жағында отырған қызды жатқа кім қиған. Осыған ыза болған Түлкібай қылышын ішіне тығып, қызша киініп, Күмісқорғанға барады. Барғаннан соң қоқандық бекті өлтіріп, сарбаздарын да талқандайды. Негізінде, қай кезең болмасын ел арасына іріткі салып жүретін сатқындар болған. Олар әркез басқыншы ел жағында болып, қалауын орындап отырады. Қоқандықтарға көмектесіп жүрген сондай сатқынның бірі батырдан жалбарынып жанына араша сұрайды. Ер Түлкібай оны үлкен шойын қазанның астына бастырып кетеді. Қоқан әскері келгенде әлгі жандайшап бектің басын Түлкібай алғанын жеткізеді. Содан қоқандықтар батырдың ізіне түсіп, өлтірген. Шағандық ақсақал ел аузында Ер Түлкібай Жаңатайұлы туралы осындай аңыз-әңгіме бар екенін айтты.
Жалпы, осы тарихи жерлерге зерттеу жұмыстары жүргізілсе, көптеген мағлұматтар алатынымыз анық. Көнеден қалған құнды жәдігерлердің де табылатыны белгілі. Соның нәтижесінде, халық тарихы түзеліп, рухани қазынамыздың толығатыны да сөзсіз. Бұл жастар үшін әсте керек.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ