Италиядағы Чивита Ди Баньореджо өлі қалаға айналды. Елдің орталығында орналасқанкөне мекен 2500 жыл бұрын пайда болған, сондықтан ежелгі қаланың мәдени құндылығы жоғары.
Бірақ онда өмір сүру өте қауіпті, себебі кез келген уақытта лай көшкіні жүріп, елдімекенді әп-сәтте шайып кетуі мүмкін. Осындай апаттың алдын алу үшін Рим көне қаланы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне қосуды сұрап отыр. Чивита ди Баньореджо 320 жыл бұрын болған зілзаладан кейін үлкен құрлықтан ажырап қалған. Бұрын бұл қала римдіктер келгенге дейін ежелгі этруски өркениетінің өкілдері негізін қалаған ірі сауда орталығы болатын. Өкінішке орай,өркендеген шаһар жер сілкісінен кейін өлі қалаға айналды. Бірақ әлі күнге дейін Италиядағы ең әдемі жерлердің бірінен саналады. Байырғы тұрғындар саны оннан аспайды. Анджело Амброзидің отбасы болып ашып алған шағын мейрамханасы бар. Ол «жауын-шашынды күндері бұл жерде өмір сүру аса қауіпті» дейді. Әсіресе үйлері жардың шетінде тұрған адамдарға қорқынышты. Анджело Амбрози, мейрамхана иесі: - Қала бұрын қауіпсіз болатын. Қазір мұнда тұру қатерлі. Іргедегі жанартау жыныстарының табаны берік емес. Жаңбыр жауса болды, құм мен қиыршық сусып, адамның зәресін алады. Шетте тұрған үйлер опырылып, құлайды. Биылғы көктемде лай көшкіні жүріп, қаланы үлкен құрлықпен жалғап тұрған жалғыз жолды қиратып тастады. Ал 2 ай бұрын сел тағы жүрген. Жергілікті халық «табиғат тосын мінез танытса, қолдан келер қайран болмай қалады», - дейді. Бірақ қала билігі апаттың алдын алуға болады деп сендіреді. Шенеуніктер мәдени мәні ерекше аймақты жайдан жай қалдырғысы жоқ. Себебі бұл жерді көру үшін жылына жарты миллионнан астам турист келеді. Франческо Биджотти, Баньореджо қаласының мэрі: - Қаланың мына теңдессіз бөлігін құтқаруға біздің жалғыз шамамыз жетпейді. 3 мың ғана тұрғыны бар қалашықтың қолынан не келеді? Мемлекеттің араласқаны ауадай қажет. Егер Чивитаны ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұрасы деп таныса, бұл мемлекетке әжептәуір жауапкершілік жүктер еді. Қала осындай мәртебеге ие болу үшін толығымен лайық, барлық талаптарға сай. Бүгінде Чивитаның тар көшелері кез келген фильмнің көріністерінде пайдалануға сұранып тұрғандай. Ауа райы жақсы кезде қалада фотоаппаратын қолға ұстаған туристер қаптап кетеді. Ал қыста құлаққа ұрған танадай өлі тыныштық орнайды. Мұндағы өмір табиғаттың қатал үкімін күткендей тына қалады. Мамандар солқылдақ жартастардың іргесін бекітудің сан әдісі бар дейді. Бірақ ол жұмысты жүзеге асыруға қаржы табылғанның өзінде, 15 жыл керек. Ал осы уақыт ішінде апаттың айтып келмейтініне ешкім де қазір кепілдік бере алмайды.