Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазақ ғылыми онкологиялық және радиологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарованы қабылдады.
Аймақ басшысы пандемия кезеңінде әрбір азаматтың денсаулығын сақтау маңызды екенін айтып, онкологиялық аурумен ауыратын науқастарды емдеу мәселелеріне қатысты пікір алмасты. Өз кезегінде Диляра Қайдарова Сыр еліндегі сапары аясында аймақтың дәрігерлеріне кординациялық кеңес өткізіп, практикалық әдістемелік жұмыстарды жүргізу бағытында бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Сонымен бірге скринингтік жұмыстарды жүргізу, сүт безінің қатерлі ісігі мен жатыр мойнының қатерлі ісіктерін анықтаудың өңірдегі көрсеткіштерін атап өтті.
Қабылдау барысында Гүлшара Әбдіқалықова Сыр елінде жаңа онкологиялық орталық ашу мәселесіне қатысты мамандар даярлау бағытында әңгімелесті. Сонымен бірге асқазан өңешінің қатерлі ісігі ауруларын емдеу жолдарын күшейтуде дәрігерлердің біліктілігін арттыру қажеттігіне айрықша тоқталды.
Өңірдегі онкология орталығына гистологиялық және иммуногистохимиялық зерттеулерін жүргізетін құрал-жабдық, телеконсультацияға арналған құрал-жабдық және медициналық бейнелерді сақтау және көрсету (ПАКС) жүйесі сатып алынды. Сонымен бірге 2021 жылы цифрлық маммограф және жуу машинасымен видеоколоноскоп сатып алу жоспарлануда.
Айта кету қажет, бүгінде жаңа заманауи жабдықтармен қамтылған онкологиялық орталық салу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленген. Құрылысы келесі жылы іске асырылады.
Қызылорда өңірінде соңғы 5 жыл ішінде асқазан өңешінің қатерлі ісігіне шалдыққан азаматтардың қатары көбейген. Бұл ретте онкологиялық және радиологиялық ғылыми-зерттеу орталығының зерттеуі негізінде ауру белгілерін азайту жұмыстары қолға алынған.
Жиында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова орынбасары Наурызбай Байқадамовқа негізгі индикаторлардың орындалуын бақылауды және онкологиялық ауруларды ертерек анықтап, ауру белгілерін азайту бағытында жұмыс жүргізуді тапсырды. Сонымен бірге алдағы екі жылда кадр даярлау мәселесін қайта қарап, дәрігерлердің біліктілігін көтеру қажеттігін қаперге салды.
Кездесу соңында облыс әкімі ғылыми-зерттеу институтының директорына бірлескен жұмыстардың нәтижесі үшін алғысын білдірді.