Қазір елімізде халыққа жаппай екпе егу жүріп жатқанын білесіздер. Әрине, әркімнің өз еркі. Содан да болар вакцина мәселесіне қатысты қоғамда алуан түрлі пікірлер кездеседі. Дегенмен, вакцина салдыру өз денсаулығымызға қорғаныш екенін ескерсек деймін.
Мамандардың айтуынша, екпеден кейін коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптасады. Екпені алғаш алғаннан кейін екінші дозасын белгілі бір уақытта алу қажет, содан соң ғана ағзаны қорғайтын антидененің жеткілікті дәрежесі түзіледі.
Вакцина алдым деп маскасыз жүруге болмайды. Еліміздегі ересек адамдардың 60 пайызы вакцина алып, ұжымдық иммунитет пайда болғанға дейін маска тағып жүруіміз керек.
Жалпы, вакциналауға қарсы пікірдегі адамдар бұрыннан да болған. Коронавирусқа қарсы вакцинаға ғана емес, ондай адамдар екпенің кез келген түріне қарсы пікірде. Бірақ, қазіргі пандемия жағдайынан тек вакцина жасату арқылы ғана шыға аламыз. Мәселен, әлемнің алдыңғы қатарлы елдері вакциналауды былтырғы желтоқсан айында бастап кеткен.
Өйткені, дүниежүзінде 150 млннан астам адам вирус жұқтырса, өкінішке қарай, соның 3 млннан астамы дүниеден өтті. Былтыр жаз біздің елімізде де қаншама адамның қайтыс болғанын білесіздер.
Осы ретте, израильдік дәрігерлердің зерттеуі жаппай вакцинацияның ұлттық стратегиясының тиімділігін растап отырғанын айту керек. "Вакциналау басталғаннан екі айдан кейін инфекциялар саны 77%-ға, ал, Covid-19 ауыр жағдайлары 67%-ға азайды. Бұл үрдіс әсіресе инфекцияға ең осал және алдымен вакцинацияланған егде жастағы адамдар арасында қатты байқалды", - деп жазады зерттеушілер. Енді Израиль мемлекеті 12 жастан асқан жасөспірімдерге коронавирусқа қарсы екпені еге бастады.
Қазіргі таңда Үндістанның эпидемиологиялық ахуалы ауыр екенін көріп, біліп отырсыздар. Коронавирусты жеңудің жалғыз амалы вакциналауда екенін жақсы түсінгенімен, млрд тұрғынына жаппай вакцина тауып бере алмауда. АҚШ, Германия, Франция, Жапония мемлекеттері жаппай вакциналауды қолға алды.
Жаппай вакциналау бізге не береді?
Қазіргі таңда бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес өңірлердегі ұйымдар мен кеңселерде:
"қызыл аймақта": қызметкерлердің 80%;
"сары" аймақта: 50%;
"жасыл" аймақта: 30% қашықтан жұмыс істеуде.
Вакцина салынбаған адамдарға ауру қаупі төніп тұрғанын ескере отырып, қызметкерлердің денсаулығын қорғау мақсатында соңғы алты ай ішінде COVID-19-ға қарсы вакциналаудың толық курсын алған және Сovid-19-бен ауырған барлық қызметкерлерді күндізгі режимде жұмысқа жіберу туралы шешім қабылдауда.
Егер қызметкерлердің 90%-ы вакцина алған болса, олар жұмысқа толық жіберіліп, тек 10%-ы қашықтан жұмыс істейді.
Осыны ескеріп, бүгінгі күні бюджеттік мекемелер қызметкерлері, атап айтқанда, мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер мен дәрігерлер, құқық қорғау органдары жаппай вакцина алуда.
«Сыр елі – жыр елінің» өнер майталмандары, жыршы-жырауларымыз, жазушы-ақындарымыз, айтыскерлеріміз, журналистер қауымы елдік істен қалыс қалмаса дейміз.
Ендігі ретте халықпен тығыз қарым-қатынас жасайтын кәсіпкерлер, базарлардағы сатушылар, кафе, мейрамхана, халыққа тұрмыстық қызмет көрсету қызметкерлері вакцина алудың көптеген мүмкіндіктерге жол ашатынын түсініп жатса жөн болар еді.
Өз денсаулығымызға немқұрайлы қарамайық. Өзгенің денсаулығына қауіп төндірмейік. Қауесет сөздерге ермейік.
Сіздерді мамандардың сөзін тыңдап, мән беруге шақырамын.
Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Қы