Алматылық дәрігерлер Аралда медициналық қызмет көрсетті
А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургиялық орталықтың бас директоры академик Ж.Арзықұловтың ұйымдастыруымен алматылық білікті дәрігерлер Арал ауданының халқына медициналық қызмет көрсетті.
Алыстан келген ақ халаттылар алдымен жергілікті жердің дәрігерлеріне «Қазіргі заманғы аспект бастапқы медициналық санитарлық көмек деңгейінде науқастардың ауруларын анықтау және емдеу» тақырыбында кеңестер беріп, тәжірибелік пікір алмасты. Мұнан соң, құрамында нефролог, невропотолог, гепатолог, кардиолог, пульмоног, кардиохирург, уролог мамандары бар алматылық 9 дәрігер бір күнде 146 адамды қарап, емдік шараларына коррекция жасады. Емделушілердің басым бөлігі – қала тұрғындары. Олар өз кезектерінде мамандардың қарауынан өтуде белсенділік танытып, медициналық қызметтің сапасына өз ризашылықтарын білдірді.