Маңғыстау облысында 11 жасар баланың денесін түк басып кеткен
Маңғыстау облысында денесін түк басқан бала тұрады. Бекзат Тәжіханның бұл дертін емдеуге облыс дәрігерлерінің күші жетпей отыр.
Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.
Сондықтан да баланы сауықтыру үшін еліміздің ірі клиникалары араласуы керек дейді мамандар.
11 жасар Бекзат туғаннан түкті. Тағы бір ерекшелігі - сүндеттеліп туылғаны.
Анасы аяғы ауыр кезде ісік және қан қысымы сырқаттарымен ауырған. Соның салдарынан іштегі шарана өспей, 1 келі 800 грамм болып дүниеге келеді. Халық емшілері мұны "нысаналы" десе, дәрігерлер "атавизм" диагнозын қойды.
Яғни, ертеде адамзатта болған, кейінгі ұрпақта кездейсоқ қайталанатын құбылыс.Тек миллионның біреуінде ғана кездесетін жағдай.
Ал Бекзат өзінің ерекше болып туғанына қуанбайды, керісінше қатты ұялады. Өзін сыныптас балалардың "маймыл" деп мазақтайтынын, автобуста адамдардың өзіне тесіле қарайтынын айтады.
"Мен басқа адамдар сияқты болғым келеді", - дейді Бекзат.
Түктерден бала денсаулығына қауіп жоқ. Тек жыл өткен сайын маңдай, бет пен желкесінде түктің қалыңдап бара жатқаны алаңдатады.
Баласының бұйығы тартып, мұңаюы ана жүрегіне қанжардай қадалады. Түкті баланың тағдырына алаңдаған дәрігерлер 2011 жылы Алматыдағы Ақсай клиникасына квота берген. Бірақ, нәтиже жоқ. Жергілікті медицина мұндай дертті емдеуге дәрменсіз.
"Бекзатты емдеймін деген кез келген емдеу мекемелері немесе ғылыми зерттеу институттарына жібере аламыз. Ол жағынан кедергі жоқ. Жергілікті дәрігерлер облыс тұрғысында емдей алады деп айта алмаймын", - дейді Мұнайлы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Айдарбек Шыршықбаев.