«Ashyq» жобасына қатысты қабылданған облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысы күшін жойды. Ол енді ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №18 Қаулысымен реттеледі.
Сонымен жаңадан қабылданған №13 Қаулыға бірқатар өзгерістер енгізілді. Балаларды сауықтыру ұйымдарына яғни, жазғы лагерьдің жұмысына рұқсат етілді. Бірақ бала саны 30 пайыздан аспауы және тәрбиешілер вакцина алуы қажет деген талап қойылды. Азық-түлік тауарларын сату бойынша супермаркеттер, гипермаркеттер жұмысына толымдылығы мен уақытына белгіленген шектеулер алынып тасталды. Бұдан былай аталған нысандар штаттық режимде жұмыс жасайды. Ашық аспан астындағы азық-түлік және азық-түлік емес базарларына белгіленген шектеулер алынып тасталды, енді бұл нысандар да штаттық режимде жұмыс жасай алады.
- Мекеме қызметкерлерінің жұмыс жасау нысанына қатысты өзгерістер енгіздік. Міндеттерін қашықтықтан орындау мүмкін емес жұмыскерлерді қоспағанда, COVID-19-ға қарсы вакцинацияланбаған және соңғы 6 ай ішінде індетпен ауырмаған қызметкерлер қашықтықтан жұмыс істеу форматына ауыстырылады. Оны жұмыс беруші мекеме басшылығы шешеді. Мешіттер, православие шіркеулері және басқа да діни объектілер аумағында ұжымдық діни іс-шараларды (оның ішінде «жұма намазы», күнделікті православиелік дұғалар және басқаларын) ашық ауада өткізуге рұқсат берілді. Жаңа Қаулыға сәйкес орналасқан жеріне қарамастан барлық қоғамдық тамақтану орындары сағат 09.00-20.00 аралығында, ал асханалар типі бойынша қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысы 24.00-ге дейін ұйымдастырылады. Қызылорда облысы осыдан екі күн бұрын «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа ауысты. Бұл қауіптің сейілгенін білдірмейді, босаңсуға негіз жоқ. Себебі коронавирус инфекциясы бойынша облыстағы ахуал әлі де тұрақсыз. Сондықтан сақтық шараларына салғырт қарамауды сұраймын, - деді облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова.