Facebook WhatsApp Instagram

Денсаулық

0

Коронавирусты жеңудің жалғыз ғана жолы - вакцина 

«Қоғам болып күрескен дерттің дауасы вакцина екені әлдеқашан дәлелденген. Алайда екпе алдым деп сақтық шараларын естен шығаруға болмайды», - дейді Alexsey Sultan Akhmet емханасы бас дәрігерінің орынбасары Қуанышбек Алмағанбетов. 
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында дәрігер аймақтағы екпе алу жұмыстарына және індетке қарсы вакцинаның маңыздылығына тоқталды.
«Коронавирусты жеңудің жалғыз ғана жолы - вакцина салдыру деп әуелден айтылып келеді. Вакцина қабылдау арқылы кеселді дерттен қорғанатынымыз анық.  Күнделікті әлеуметтік желі, газет, телеарна арқылы бетперде тағудың, әлеуметтік арақашықтық сақтаудың, гигиеналық талаптарды орындаудың маңыздылығы айтылып жатыр. Дей тұрғанмен сақтық шараларына селсоқ қарайтын жандар аз емес. Бүгінде соның салдарынан ахуал күшейіп, науқастардың саны артып кетіп отыр. Қазір қаламыздағы бірнеше емханаларда вакцина салдыру жұмыстары жүріп жатыр. Сол себепті дер кезінде екпе алғанымыз дұрыс", - деді Қуанышбек Нұрбергенұлы.
 Брифингте Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдарының альянсы ассоциациясының төрағасы Анар Ізден де облыс тұрғындарын коронавирус індетіне қарсы екпе алуға шақырды. 
     "Бүгінгі күні Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдарының альянсы 73 қоғамдық ұйымнан тұратын болса, оның ішінде 42 қоғамдық ұйым қызметкерлері толық вакцина қабылдады. Менде алғашқылардың бірі болып індетке қарсы вакцина алдым. Өйткені былтырғы жылы өзім коронавируске шалдыққан болатынмын. Сол кезде бұл індеттің қаншалықты қауіпті екеніне көзім жетті. Мен де  отбасым да екпе алды.  Сондай-ақ, өз басым мемлекет вакцинация жүргізуге барлық халықты міндеттеу керек деген позициямды айтқым келеді. Бұл жұмысты біз қоғамдық ұйымдардың арасында да ақпараттандыру бойынша жақсы жүргізіп келе жатырмыз. Халыққа дұрыс ақпарат жеткізу керек, екпе алуға шақыру керек және насихат жұмыстарын жүргізу керек деп ойлаймын",-деді Анар Жарылқасынқызы.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: