Өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Облыс көлемінде жедел респираторлы вирусты инфекциясы өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда бес пайызға төмендеді.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов мәлімдеді.
-Бүгінде 80 инфекциялық төсек-орын бар, оның 20-сы реанимациялық бөлме. Сондай-ақ дәрі-дәрмек қоры қалыптасқан. Коронавирус инфекциясына қарсы күрес жұмыстарына қажетті медициналық кадрлар мен құрал-жабдықтар жеткілікті. Жалпы аймақтағы эпидемиологиялық ахуал қатаң бақылауда, - деді Жангелді Мырзагелдіұлы.
Аймақтағы емханаларда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация жалғасуда. Бүгінгі күні вакцинаның І-ші компонентін екпе алуға тиісті контингенттің 95 пайызын, ІІ-ші компонентін 94 пайызын алған. Облыста КазВак, Синофарм және Пфайзер вакциналарының қоры бар.
-Эпидахуалды тұрақтандыру және ауру деңгейін төмендету мақсатында жыл сайын жергілікті бюджеттен тұмауға қарсы вакцина сатып алынады. Биыл 85000 доза вакцина қоймаға жеткізілді. Иммундық статустың түзілуі арқасында ағзаның басқа жұқпаларға төзімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Коронавирус және тұмау инфекцияларынан қорғанудың тәсілі – вакцинация. Бұл ауру жұқтырып алу қаупін төмендетеді, ауырып қалған жағдайда оның жеңіл өтуіне және асқынулар мен өлім жағдайларының алдын алуға өз септігін тигізеді.Бұдан бөлек, қарапайым гигиеналық ережелерді орындау қажеттігін, қолды сабындап жууды, вирустық инфекциялардың эпидмауысымы кезінде антисептик қолдану қажеттігін, адам көп жиналатын орындарға баруды мүмкіндігінше шектеу керектігін, қоғамдық көлікке мінгенде, халық көп болатын орындарда маска киюге кеңес береміз. Бұл сақтық шаралары ауа тамшылары арқылы таралатын инфекциялық аурулардан қорғайды,-деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.