Қызылордада алғашқы сегіз күнде 16 адам коронавирусқа шалдықты
Пандемия басталғаннан бері Қызылорда облысы бойынша коронавирус инфекциясының 25965 жағдайы анықталды. Оның ішінде 17 031 жағдай ауру симптомдарымен болса, 8934 дерегі клиникалық белгілерінсіз анықталды. Облыстағы коронавирус инфекциясының бүгінгі эпидемиологиялық ахуалы ұрақты деп бағаланады.
2022 жылы 6515 адам коронавирус індетіне шалдыққан, оның ішінде 1236 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды. Ағымдағы жылдың қаңтар айының 8 күнінде 16 жағдай есепке алынды.
Бөлінген штамдардың соңғы реттілігі республикада 100% жағдайда COVID-19 Омикрон нұсқасының айналымы анықталғанын көрсетті.
Облыс көлемінде емханаларда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация жалғасуда. Бүгінгі күні вакцинаның І-ші компонентін екпе алуға тиісті контингенттің 95%, ІІ-ші компонентін 94% алған.
«Инфекциядан қорғаудың тәсілі – COVID-19-ға қарсы вакцинацияның аяқталған курсы және ревакцинация. Сондықтан вакцинация мен ревакцинацияның пайдасына дұрыс таңдау жасау керек, бұл ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына және тұрақты эпидемиологиялық жағдайды ұстап тұруға өз септігін тигізеді. Әсіресе, елімізде және әлемде коронавируспен сырқаттанушылықтың өсуі кезеңінде бұл өте маңызды.
Бұдан бөлек, жеке бас гигиенасын, қолды сабындап жууды, антисептик қолдануды ұмытпау керек, адам көп жиналатын орындарға баруды мүмкіндігінше шектеу қажет, қоғамдық көлікке мінгенде, халық көп болатын орындарда маска киюге кеңес береміз. Бұл сақтық шаралары ауа тамшылары арқылы таралатын инфекциялық аурулардан қорғайды. Ауруды жұқтырып алу қаупін төмендетеді», - деп жазылған Қызылорда облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті таратқан хабарламада