Салмағы 740 грамм: Дәрігерлер шала туған сәбиді аман-есен үйіне шығарды
Облыстық перинаталдық орталығында қуанышты оқиға орын алды. Қызылордада 740 грамм салмақтағы шала туған сәби аман-есен үйіне шығарылды.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті.
Ашып айтар болсақ, жүктіліктің 23 аптасында дүниеге келген кішкентай Айдана есімді нәрестеміз үйіне шығарылды. Баланың салмағы туылған кезде 740 гр, бойы қағаз парағының көлеміндей 34 см болған.
Қыздың анасы босанғаннан кейін олар ауруханада жалпы 75 күн болғанын айтты. Оның 51 күні - нәрестелер жансақтау бөлімінде, қалғаны нәрестелер патологиясы бөлімінде болған.
«Қыз баланың дүниеге келуі біз үшін үлкен қуаныш болды. Жүктілік асқынусыз жақсы өтті. Бірақ 23 аптада су кетіп, мерзімінен бұрын толғақ басталып кетті. Салмағы 740 грамм болып Айданамыз дүниеге келді. Білікті мамандардың, тәжірибелі дәрігерлердің арқасында менің қызым аман қалды», - дейді сәбидің анасы Жаппасбаева Назерке Қайратқызы.
2 ай ішінде дәрігерлер мен мейірбикелер нәрестеге үйренісіп, оны жақсы көріп кетті. Бұл уақыт ішінде нәресте қыз өсіп, денсаулығы шыныға түсті. Перинаталдық орталықтан шығару кезінде оның салмағы 2000 граммды құрады.
«Бала экстремалды өте төмен дене салмағымен дүниеге келгендіктен, оның жағдайы, тыныс алуы ауыр болды. Анасының құдіретті сезім-махаббаты мен мықты неанотологтар, білікті мамандардың ерекше күтімінің арқасында баланың денсаулығында қазір ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», - деді нәрестелер патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі Шынар Дастанқызы.
Жыл сайын облыстық перинаталдық орталығында 990 граммға дейін шамамен 70 сәби дүниеге келеді.