АРАЛДА ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІН МЕРЕКЕЛЕУ КҮНДЕРІ БАСТАЛДЫ
Арал ауданында «Ұлы Дала Елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» атты тақырыпта 25 жұлдызды күнді мерекелеу бастау алды.
Аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты шараның ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Р. Өтешов сөз алып «Биыл елiмiздiң тәуелсiздiк алып, дербес мемлекет ретiнде танылғанына 25 жыл толып отыр. Ендеше, бiр шаңырақтың астында бiрлiгi жарасқан баршаңызды осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын!», - деп, мерекелік лебізін жеткізді.
Мерекелік шара барысында жақында ғана ментальді арифметикадан Дубайда өткен халықаралық сайыста жүлделі ІІІ орын иеленген, Арал «ЮСИМАС» орталығында білім алатын №14 мектеп-лицейдің 5 сынып оқушысы Толыбекқызы Зарина аудан әкімінің арнайы сыйлығымен марапатталды.
Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойын мерекелеу салтанаты одан әрі аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.