Тұңғыш Президент Күні қарсаңында партияның барлық филиалдарында «Nur Otan» партиясының қатарына салтанатты қабылдау рәсімі өтті.
«Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Г.Әбдіқалықова Тұңғыш Президент күні қарсаңында партия қатарына жаңа мүшелерді салтанатты түрде қабылдады, оларды партия Төрағасының стратегиялық жоспарын жүзеге асыру жолында белсенді жұмыс жасап, аймақтың өсіп – өркендеуіне партия мүшесі ретінде лайықты үлес қосатындарына сенім білдірді. Сонымен қатар «Халық алғысы» төсбелгісінің иегерлерін марапаттады.
Партия қатарын кәсіпкерлер, мұғалімдер мен ғалымдар, журналистер, студенттер толықтырды.
Салтанатты шараның алғы сөзінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова алдымен барлық қатысушыларды ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, Тәуелсіз қазақ мемлекетінің саяси сахнасында ерекше орын алған тарихи тұлға, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегіне тоқталып, алдағы міндеттерді атап өтті.
«25 қарашада өткен кезектен тыс ХХ съезде Партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы партия жұмысын жаңғыртуды қорытындылады.Партиямыздың мықты лидерлері айқындалып, алдағы бағдарлама бекітілді.Бұл тұрғыда барлық партияластарымыз үшін Нұрсұлтан Әбішұлының ХХ съездеатап өткен жауапкершілік, жұдырықтай жұмылу, ортақ мұрат-мақсаттарға адалдық қағидалары басшылыққа алынуы тиіс.Партияның негізгі үш қағидасын ұстану бізге Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондықтан бүгінгі салтанатты шара партия қатарына жаңадан қабылданушыларға үлкен жауапкершілік жүктеумен қатар, алдағы жұмыстарды атқаруға мол күш – қуат берері сөзсіз», - деді облыстық филиал төрағасы.
Жаңадан партия қатарына қосылған азаматтар атынан сөз алған Қызылорда қалалық М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің директоры, республикалық «Серпер» сыйлығының игері, айтыскер ақын Нұрмат Мансұров «Nur Otan» – Елбасының, елдің партиясы, халықтың қамқоршысы екенін атап өтіп, партия қатарына қосылған әрбір азамат еліміздің дамуы, халқымыздың әл ауқатының артуы жолында алдына мақсат қойып, сол мақсатының орныдалуына жұмыс жасау керек екенін айтты.
Тұңғыш Президент күні қарсаңында елмен бірге дамып, халықпен қатар жасасып, заман талабына сай жаңарып, жаңғырып келе жатқан «Nur Otan» партиясының қатарына қабылданғаным үшін шексіз ризамын ,- деді, қуанышымен бөліскен Мансұр Нұрмат.
Айта кетейік, партия қатарына 13 азамат қабылданып, 4 адам «Халық алғысы төсбелгісімен марапатталды. Бүгінгі күні «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалына қарасты 11 филиалға жалпы саны 43 810 партия мүшесі тіркелген.