Елімізде жастардың тұрақты жұмыспен қамтылуы маңызды
Бүгінгі брифингте министр Тамара Дүйсенова елдегі жастардың тұрақты жұмыспен қамтылу мәселесіне де арнайы тоқталып өтті. Бүгінде елдегі белсенді жұмыс күшінің 56 пайызы – жастар. Ал жас азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылуы ел экономикасының маңызды тетігі екенін тілге тиек етті.
-Биыл жастарға арналған мемлекеттік Жастар практикасы бағдарламасына қатысу тәртібі өзгеріп, берілетін жалақы мөлшері бірнеше есеге артты. Сондай-ақ, аталмыш бағдарлама арқылы жұмысқа орналасушылар саны да айтарлықтай жоғарылап келеді. Осыған байланысты 2023 жылы мемлекет тарапынан жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытына арнайы 131 млрд.теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр. Сол қаражаттың 16 млрд теңгесі Қызылорда облысына тиесілі. Жалпы оңтүстік өңірлерде жастарды жұмыспен қамту шаралары жоғары деңгейде жүргізілуде. Келесі мәселе – мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік тұрғыда толық қамтамасыз етілуі. Биыл бұл санаттағы жандарға жергілікті өңірде кәсіп бастауға немесе жұмыспен қамтылуына қосымша 12 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, - деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Босымбекқызы.