Қызылорда гарнизоны әскери бөлімінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен нормаларды сақтай отырып, әскери қызметшілердің қатысуымен алда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының қоян-қолтық ұрысынан өтетін спартакиадаға іріктеу турнирі өтті.
2021 оқу жылының жауынгерлік жоспарына сәйкес өткен әскери қоян-қолтық ұрысы сайысына он бір команда, яғни, 78 әскери қызметші қатысып, тоғыз салмақ дәрежесінде бақ сынады. Жекпе-жек барысында дене дайындығы мен шеберлігін жоғары дәрежеде көрсеткен спортшылар да аз емес.
Әскери спорт түрлерінің ішіндегі ең көрнекі жекпе-жектің бірі болып саналатын қоян-қолтық ұрысын өткізудің басты мақсаты, Қарулы Күштерімізде әскери қоян-қолтық ұрысын кеңінен насихаттау, дамыту және әскери жауынгерлердің рухын көтеру болып табылады.
Жартылай финал мен финалда өткен кездесулер қилы тартыс пен қызыққа толы болды. 55 келі салмақта сайысқа түскен аға мерген, ефрейтор Шапағат Болатов қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, көрермендер көзайымына айналды. Шапағат – тек жекпе-жекте ғана емес, басқа да жауынгерлік дайындықтар кезінде де бөлім басшылығы тарапынан алғыс хаттармен марапатталған жауынгер. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының қоян-қолтық ұрысы спартакиадасына жолдама алған тағы бір сайыс жеңімпазы, материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшесінің жоспарлаушысы, майор Нұрболат Нұғманов болды.
«Жас кезімнен спортқа қызығып жүретінмін. Әскерде жүріп осы жекпе-жек спорт түрін дұрыс көріп, дамыттым. Турнир барысында жауынгерлер өз шеберліктерін көрсете білді. Қарсыластарымның өте күшті дайындықпен келгендері байқалды. Әрбір әскери қызметшіге осы спорт түрімен айналысуға кеңес берер едім», - дейді майор Нұрболат Нұғманов.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер бөлім командирінің мақтау қағаздарымен және медальдарымен марапатталды. Сайыс жеңімпаздары алдағы уақытта «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының қоян-қолтық ұрысы спартакиадасына қатысуға дайындықтарын жалғастырады.
Мұхит Қонаров, Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы