Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қызылорда қаласында жылды қорытындылаған салтанатты шара өтті

Бүгін киелі өнер шаңырағы Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде  қала әкімі жылды қорытындылап, үздіктерді марапаттады. Салтанатты шарада шаһар басшысы Ғанибек Қазантаев Сыр жұртшылығын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктерге тоқталды. 


- «Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, қаламыздың көлемі бірнеше есеге ұлғайды, халқымыздың саны артты. Жаңа аудандар, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер салынып, сәулеттік келбетіне көз тояр зәулім ғимараттар бой түзеді. Экономикалық әлеуетіміз қарқын алып, Сырдың сол жағалауын игердік, қала халқын жайлы баспанамен қамтыдық. Бұл  - Сыр жұртшылығының ынтымағы мен бірлігінің, бізге артқан сенімі мен қолдауының арқасы. Осылайша, сүйікті қаламыз үшін берекелі жыл болған 2021 жыл тарих қойнауына  енгелі тұр», - деді Ғанибек Қонысбекұлы. 
Жиында жылдағы дәстүрге сай ел дамуына, қаланың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өмірінің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып, әр салада табысты еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Халық алғысы» медальдарымен марапатталып, «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атағын және «Жыл үздіктері» номинацияларын иеленді. 
Өз кезегінде марапат иелері береке-бірлігі жарасқан қала халқына алғыстарын айтып, Жаңа жылдың табысты болуына тілек білдірді. 
Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасып, жергілікті өнерпаздар кеш қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: