Есті ағаларымыз «руымызбен емес, туымызбен мақтанатын кезіміз келді» деп айтудай-ақ айтып жүр ғой. Мен рушылдықты, жершілдікті өте жек көремін. Бұл жөнінде үнемі айтып жүремін.
Руға бөлінетіндерді мүлдем ұнатпаймын. Қай рудың қазағын алып қарасаңыз да, осалы жоқ. Бәріміз де қазақпыз. Барлығының да ата-бабасы батыр болған. «Бөлінгенді бөрі жейді» деп аталарымыз тегін айтпаса керек. Өзіміз қазақ бола алмай жатқанда, руға бөлінудің түкке де керегі жоқ екенін түсінетін кез әлдеқашан жеткен. Мен де бір рудың баласымын. Бірақ мен, ең алдымен, қазақтың баласымын. «Мен орта жүзбін» деп ұлы жүзден қыз алмай жатқандарды әлі көргенім жоқ. Осал болса, неге ол рудың қызын алдың? Текті жер болған соң, екі ру құдаласып жатыр. Ол құдалар тіпті, тонның ішкі бауындай араласып кетеді.Мен шәкірттерімнің, тіпті, қай рудан екенін де білмеймін. Бастысы, олардың жүрегі қазақ деп соқса болды. Бір өнерде жүрген белгілі азамат «Чемпион» деген жобаға қатысты. Ол жігіттің қай рудан, қай жерден екенін де білмеймін. Мен тек оның өнерін бағалаймын. Сол жігітті қолдап тұрсақ, бір бiреу әлгі жігіттің руын айтып, ұрандатып айғайлады. Орнымнан атып тұрып, әлгі жігітті шақырып алдым да,ҚАЗАҚтығымды көрсеттiм. Рудың деңгейінен аса алмауды мен қараңғылық деп есептеймін.