Биылғы жылы санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, есеп беру кездесулері онлайн форматта өткізілуде.
Аудан басшысы Асылбек Шәменов «Zoom» бағдарламасы арқылы Жаңадария, Аламесек, Еңбек, Таң, Аққұм, Шәменов, Қаракеткен ауылдық округтерінің тұрғындарымен онлайн байланысқа шығып, өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Өткен жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Далдабай және Жаңақоныс елді мекендерінің ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
Қазіргі таңда аудан тұрғындары 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген, - деген аудан басшысы бұдан бөлек, кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы, жол жөндеу, құрылыс саласында көптеген жұмыс атқарылғанын тілге тиек етті.
Айта кету керек, өткен жылы М.Шәменов ауылындағы құны 690 млн. теңгені құрайтын 140 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріліп, ауданда апаттық жағдайдағы мектептердің мәселесі толық шешімін тапты.
«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында Қаракеткен ауылына кіре-беріс автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстарына 92 млн. теңгеге, Таң ауылына кіре беріс автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарына 106 млн. теңге қаралып, жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Осы бағдарлама аясында Таң ауылдық мәдениет үйі ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар Мәдениет, Жаңаталап, Аққұм елді мекендерінің электр жүйесі қайта жаңғыртудан өткізіліп, пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, Есет батыр ауылы бағытындағы Оңтүстік коллектор (ЮК-16) көпірін қайта жаңғырту, Жаңадария бағытындағы 17,1 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеу,Таң ауылындағы №188 және Аламесек ауылындағы №124 мектеп ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары алдағы жоспарда бар.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өздерінің көкейіндегі сауалдарын қойып, ой-пікірлерін білдірді.
Жаңадария, Аламесек, Еңбек ауылының тұрғындары ауылдың ішкі көшелерін жөндеу туралы, Аламесек ауылдық округіндегі мәдениет үйінің жылу жүйесін қайта жаңғырту туралы ұсыныс білдірсе, Аққұм ауылының тұрғындары шет аймақтардағы тұрғын үйлерге ауыз су құбырын тарту туралы ұсыныс айтты.
Қойылған әрбір сұраққа аудан әкімі Асылбек Өмірбекұлы жауап беріп, тұрғындар көтерген мәселе үнемі назарда болатынын жеткізді.