Апостиль қойылған анықтамаға 83 адам өтінім берген
Қызылордада жыл басынан бері «соттылықтың болуы не болмауы туралы» анықтама алу бойынша 114 өтініш, ал апостиль қойылған анықтамаға 83 адам өтінім берген.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыс бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармасының бөлім прокуроры Дана Ахылбекова мәлімдеді.
Анықтамалықта апостильдің қойылуы шет елге тұрмысқа шығып, сол жерде тұруға рұқсат алғанда немесе шетелдік компанияға жұмысқа тұрып, визасын рәсімдегенде, оқуға түскенде қажет. Бұл қызмет түрін бұрын мемлекеттік корпорациясына жүгініп, қағаз жүзінде ғана алу мүмкін болатын. Енді «EgovKzBot» Telegram-бот көмегімен электрондық цифрлық қолтаңбасыз «Бір реттік SMS паролінің сервисі» көмегімен алуға болады. Ол үшін «Мобильді азаматтар базасына» тіркелу қажет.
- Басқарма тарапынан адамның әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны туралы мәліметтері де беріледі. Биыл басқарма тарапынан 4497 адамның «әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы анықтама» алуға берген өтінімі қаралды. Бұл қызмет түрі де электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, мұрағаттың тектік картотекасында 33616 тұлғаның мәліметтері сақтаулы тұр. Оның 23000 саяси қуғын сүргін құрбандары болған тұлғалардың мәліметі, ал 10616 әліпбилік есепке алу карточкасы бар ,- деді Дана Ахылбекқызы.