Бүгінде Қызылорда облысында «Бірге» ақпараттық науқаны аясында ақпараттандыру жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов айтты.
- «Біз әртүрлі болғанымызбен, Отанымыз ортақ!». Елде дәл осындай ұранмен «Бірге» ақпараттық науқаны өтуде. Жалпы, ұлтты ұлттан ерекшелейтін оның дәстүрі, діні, мәдениеті ғана екені белгілі. Бірақ бәріміз бір жаратылыспыз. Осы бағытта өткізіліп жатқан іс-шарада халықтар достығы, Қазақстанда тұрып жатқан этнос өкілдерінің бірлігі насихатталады. Ақпараттық науқанды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің қаржылай қолдауымен «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығының сарапшылары ұйымдастыруда. Науқанның тұсаукесері 6 қараша күні Астана қаласында өткізілді, - деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Аймақта науқан 3 бағытта өткізілуде. Біріншіден, берілген анимациялық «Дастархан», «Жастар», «Балалар» бейнероликтері алгоритмге сәйкес облыстық «Qyzylorda» және қалалық «Qogam TV» телеарна эфирінен күніне 2 реттен көрсетілуде. Екіншіден, қоғамдық көліктер үшін берілген плакаттар қала орталығында жүретін қоғамдық көліктерге ілінді. Үшіншіден, сыртқы жарнама баннерлерінің эскиздері барлық қала, аудан әкімдіктеріне жолданды. Бүгінгі күнге Жаңақорған ауданы 1 дана, Қармақшы ауданы орталығында және ауылдық округтерінде барлығы 5 баннерді басып шығарып, орталық көшелеріне орналастырды.