Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қызылордалық полицей көршісін алабай иттен құтқарып қалды

Қызылорда облысының полицейі Абылайхан Құрманбаев іргелес көршісі Гүлдина Өтепбергенді ірі “Алабай” тұқымды иттен аман алып қалған. 
Қызылорда облысы ПД-нің Әкімшілік полиция басқармасы уақытша ұстау және айдауыл қызметін ұйымдастыру тобының полицейі Абылайхан Құрманбаев 20 жылға жуық уақыт ішкі істер органдарында қызмет атқарып келеді.
Аязды қыста Абылайхан әдетте жұмыстан келіп, отбасымен кешкі асын ішуге дайындалып жатқан кезде айқайлаған әйел даусын естиді. Дереу аулаға шыққаны сол еді, көршінің үйі жағынан түсініксіз дыбыстар естілді. 
Ойланбастан шарбақтан секіріп түскен ол ірі ит Гүлдинаның үстінен төніп, талап жатқанын көрген. Әп-сәтте тәртіп сақшысы қолына күрек алады. Бірнеше рет абалаған итті соққыға жығып, Абылайхан көрші әйелді көтеріп алып, үй ішіне қарай жүгірген.
Осылайша, Гүлдина батыр жүрек көршісінің арқасында аман қалған. Абылайхан ол оқиғаның көпшілікке жария болғанын қаламайды. Оның айтуынша, бұл мақтанатын жағдай емес. Кез келген ер азаматы дәл осылай әрекет жасайтынына күмәні жоқ. Дегенімен, шапшаң, секундтаған уақыт ішінде дұрыс шешім қабылдап, әрекет еткен А. Құрманбаевтың арқасында үш баланың анасы қазірде аман.
Абылайханның жұбайы Шынар да полицияда абыройлы қызметін атқаруда. Ол Қызылорда қалалық ПБ-ның қабылдау-тарату орнында инспектор лауазымында. Қос полицейдің берекелі отбасында Айзере, Қасымхан, Есімхан есімді бүлдіршіндерді дүниеге әкеліп, өсіруде.


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: