Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қызылордада «е-Өтініш» ақпараттық жүйесін енгізу талқыланды

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен «е-Өтініш» ақпараттық жүйесін енгізу бойынша жиын өтті.
Отырысқа ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүисенова бастаған жұмысшы топ және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты. Жұмысшы топтың құрамында жобаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдардың – Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі, Әділет  министрліктерінің, Бас прокуратураның және басқа да мекемелердің өкілдері болды.
Аймақ басшысы «е-Өтініш» ақпараттық жүйесін енгізудің өзектілігі мен маңыздылығына тоқталды.
- Өңірімізде тұжырымдаманы іске асыру жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының базасында, қала мен аудан орталықтарында және ауылдық округтерде «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі енгізіліп, дамыту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 2021 жылғы 1 шілдедеден бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енеді. Бұл бағытта да мемлекеттік органдар мен азаматтарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Жиында ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүисенова «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі мен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің жұмысын кеңінен түсіндіріп өтті.
Президент 2020 жылы 29-маусымда қол қойған ҚР Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодексі биылғы 1-шілдеден бастап күшіне енеді (ӘРПК). 
Жаңа Кодекс – Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Концепциясының іргелі нормативтік құжаты. 
ӘРПК мемлекеттік органдардың өтініш берушілермен жұмыс парадигмасын түбегейлі өзгертеді, атап айтқанда:
Өтініш беруші «е-Өтініш» біртұтас ақпараттық жүйесі арқылы өз өтінішінің мемлекеттік органдарда қаралу барысын көріп отыруға мүмкіндік алады.
Өтініш беруші дәлелдер келтіру және оларды зерделеуге қатысу және түсініктеме беру, қажетті құжаттарды ұсыну  құқығына ие болады. 
Өтініш беруші мемлекеттік органнан алған жауабына қанағаттанбаса, оның жоғары сатыда тұрған органға шағым келтіруге, одан кейін шешім қабылдаған мемлекеттік органды  талап арызбен сотқа беруге құқығы бар. 
Азаматтар мен бизнес өкілдерінің талап арызын арнайы әкімшілік соттар мемлекеттік органдардың «кінәлілік презумпциясы» қағидаты бойынша қарайтын болады. Яғни өтініш беруші емес, мемлекеттік орган өзі қабылдаған шешімінің немесе берген жауабының дұрыстығын дәлелдеп, негіздейтін болады. 
Сырғытпа жауап беру мен созбалаңға салу тек орындаушы қызметкердің емес, сонымен бірге бүкіл мемлекеттік органның жауапкершілігінің пәні болады.  
Сынықты сылтау қылып, болмашы себептермен талап арыздарды кері қайтару тәжірибесін тоқтату үшін, сот өтініш берушілерге талап арызды дұрыс жазуға көмектесетін болады. 
Судья «белсенді» және «сөйлеуші» болады, арызданушыға мүддесін қорғауда көмектеседі.
Әкімшілік әділет жүйесін құру ОЭСР елдерінің озық тәжірибесінде бар және Латвия, Грузия, Молдова, Әзірбайжан және басқа елдерде сәтті іске асырылуда.
Жаңа ұстанымдарға сәйкес, азаматтардың өтініштерін қарау жүйесінің инфраструктурасы да өзгертілуде. 
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Бас прокуратура мен Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрілігі «е-Өтініш» біртұтас ақпараттық жүйесін әзірлеп,  қолданысқа енгізуде.
«е-Өтініш» – өтінішті қараудың бүкіл тарихы сақталатын біртұтас база,  ол барлық мемлекеттік және сот органдарына, сонымен қатар өтініш берушілерге қолжетімді болады.
1-шілдеден бастап кезең-кезеңмен «е–Өтініш»-ке өту басталады, ол бойынша азаматтардың өтініштері мемлекеттік органдарға біртұтас ақпараттық жүйе арқылы түсетін болады. 
Автор өз өтінішінің қаралу барысын көріп отырады, өтініштерді қарау мерзімі 30-дан 15 күнге қысқартылады.  
Қазіргі таңда орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 100% ақпараттық жүйеге қосылған, ел көлемінде пилоттық қолдану басталды.
Айта кетейік, Президентінің көмекшісі Тамара Дүисенова бастаған жұмысшы топ Студенттер сарайында Қызылорда қаласына қарасты ауылдық округ әкімдері және қалалық бөлім жетекшілері, «Достық үйінде» ардагерлер,ҮЕҰ, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, жастар, Халыққа қызмет көрсету орталығында қызметкерлермен кездесіп, мемлекеттік органдар жұмысының жаңа жағдайдағы жұмыс ерекшеліктері және өтініш берушілермен жұмыс сапасын арттырудың жаңа мүмкіндіктері туралы айтты. Жұмысшы топтың Сыр өңіріне жұмыс сапары Жаңақорған ауданында жалғасатын болады.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: