Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қызылорда облысын газдандыру кезең-кезеңімен жүзеге асады

Облыстық мәслихат депутаты Махашов Бахдаулет Еркінбекұлының төрағалығымен Қызылорда облыстық мәслихатының «Өндіріс және шаруашылық салалары, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.
Комиссия отырысының күн тәртібінде тұрақты комиссияның жұмыс жоспарына сәйкес Қызылорда қаласына қарасты Сырдария өзенінің сол жағалауындағы (Ақсуат, Сабалақ, Ақжарма) елді мекендерінің газдандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар және жалпы Қызылорда облысының аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерді табиғи газбен газдандыру жұмыстарының барысы туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрмағанбетов Руслан Аймырзаұлы хабарлама жасап, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді.
Жалпы, бүгінгі облыстық мәслихаттың комиссиясында өңірдегі елді мекендерді газдандыру бағытында 2021 жылға арналған жобалардың жүзеге асырылуы бойынша, сондай-ақ, 2025 жылға дейінгі аудандар бөлінісінде жоспар талқыланды.
Басқарма басшысы Р.Нұрмағанбетовтың айтуынша, ағымдағы жылы бюджет есебінен Жосалы және Жалағаш кентіне, Қазалы қаласына, Шиелі ауданындағы Бекежанов және Қодаманов ауылдарына газ тарату желілері тартылып, халық игілігін көретін болады.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, қала және аудан әкімдіктері тарапынан елді мекендерді кезең-кезеңімен газдандыру жоспарына сәйкес жоба-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатқандығы айтылды.
Қызылорда қаласына қарасты Наурыз және Махамбетов ауылдарын газдандыру жұмыстары ағымдағы жылы басталатындығын атап өту қажет. Жоба 2022 жылға өтпелі. Әкімдік тарапынан 2022 жылғы республикалық бюджетке тиісті өтінім жолданып, 2025 жылға дейінгі жоспарға сәйкес облыс тұрғындарын табиғи газбен жабдықтау үлесін қазіргі 65 пайыздан 75 пайызға дейін көтеру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде үнемі көтерілетін облыс орталығына қарасты газдандырылмаған елді мекендерді және саяжайларды газдандыру мәселесін шешу үшін депутаттар тарапынан қала әкімдігіне де тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: