Жалағашта жұмыссыз адамдарды тек жұмыспен қамту ғана емес, оларды кәсіпке бейімдеу жұмыстары қарқын алды. Әрине бұл ретте кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың маңызы жоғары болып отыр. Олай дейтініміз, ауданда соңғы жылдары “Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында өз ісін өрістетіп отырғандардың қатары көбейді. Қолға алған жобасын жүзеге асыру үшін мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгінгендер қатарында кент тұрғыны Асқар Жұмабаев та бар.
Кейіпкеріміз осыдан бірнеше жыл бұрын мал шаруашылығында табысқа кенелуді мақсат еткен көрінеді. Алайда қорда қаржысы болмағандықтан салада мол табысқа жету қиындық тудырған. Осылайша Жұмыспен қамту орталығына құжаттар тапсырып және өз жобасын ұсынған ол бүгінде мемлекет тарапынан тағайындалған қайтарымсыз қаржыға ие болып отыр.
– Көзін тапқан жанға кәсіпкерліктің қай бағытында да мол табысқа жетуге болады. Ол үшін жоба иесі алдымен алдына нақты мақсат қоюы керек. Неге десеңіз, нақты жоспармен әзірленген жоба салада маңызды рөл атқарады. Ал келешекті ойламай жасалған қадамның қай салада да оң нәтижеге қол жеткізбейтінін жақсы білеміз. Менің қорамда төрт түлік малдың ешқайсысы да жоқ. Сөйте тұра мал шаруашылығында мол табысқа жетуді мақсат етуім біреулер үшін мүмкін емес шығар. Алайда мен өзімнен салада үлкен табысқа жететін кәсіпкер қалыптастыруды мақсат еттім. Осылайша орталыққа нақты жоспармен жасалған жобамды ұсынып, оны қорғап шықтым. Нәтижесінде 555 600 теңге қайтарымсыз қаржыға ие болып отырмын, – дейді Асқар Жұмабаев.
Бүгінгі таңда іскер азамат қайтарымсыз грант есебінде қол жеткізген тиісті қаражатқа 2 бас жылқы сатып алды. Кәсіпкер оны осы бастан бордақылап сатуды емес, мал басын көбейтіп алуды көздеп отыр. Асқар Жұмабаев мал басын арттырып алғаннан кейін өз өнімін нарыққа шығаратынын айтады.
– Негізгі мақсат – қолдағы малды сатып табысқа кенелу. Ал мен бұл жұмыстарды осы кезден бастайын десем, көп ұзамай жұмысым тоқтайды. Себебі қорадағы мал саны шектеулі. Сондықтан әуелі олардың санын көбейтіп барып, негізгі табыс табу жұмыстарын қолға алмақпын. Бірақ қазірден бастап оларды бағымға қойып сату арқылы да мал басын арттыруға мүмкіндік бар. Мәселен, мен екі бас жылқыны бағып сатсам, оның орнына 3 тай алуыма болады. Бұл бағытта да жоспарлар бар. Қазір нарықта ет бағасы шарықтап тұр. Сондықтан төрт түліктің қай-қайсысын өсіріп, табысқа жетемін десеңіз де мүмкіндік мол. Бұйыртса, ет өнімдерін өндіретін цех ашу да негізгі мақсатыма айналып отыр. Алайда оны жүзеге асыруға менің дәл қазір мүмкіндігім жоқ. Десе де, алдағы уақытта жұмысым алға басып, мал басын арттырсам, бұл мақсатқа да жетіп қалуым ғажап емес, – дейді жас кәсіпкер.
Кеше ғана қайтарымсыз қаржыға ие болған Асқар Жұмабаевтың талабы таудай. Шыны керек, қорасында төрт түліктің барлығы бола тұра мұндай жоспарлар құруды ойламай жүргендер қаншама. Бастысы кейіпкеріміздің шын ниеті мен ауданның кәсіпкерлік саласына серпін беремін деген талабына риза болдық. Ал қалған жоспарды алдағы уақыт көрсетеді.
Айта кетейік, соңғы жылдары ауданда кәсіпкерлік саласының алға басқаны анық байқалады. Өңірде жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындар қатары артса, бір жағынан жаңа жұмыс орындары құрылып жатыр. Бұл өңір халқы үшін де және аудан экономикасын ілгерілетуде де өз маңызын жоғалтпайтыны анық. Әрине өз кезегінде кәсіпке бет бұрып, қолда бар қаржымен іс бастап жатқан жалағаштықтар да жетерлік. Десе де, өңірде саланы ілгерілетуде мемлекеттік бағдарламалар үлкен қолдау болып отыр. Пайыздық үстемақысы төмен несиеге қол жеткізу арқылы да шағын және орта кәсіпкерлік алға басты. Олардың ішінде үлкен кәсіпорындар да бар. Ал қайтарымсыз грантпен жыл басынан бері 200-ге жуық жоба қолдау тауып, жұмыссыз азаматтар да саланың алға басуына өз үлесін қосуда.