Аймақта күріштің 4 716 гектарына орақ түсіп, 2 495 гектары бастырылды. Әр гектарынан орташа 42,3 центнерден өнім алынуда. Бұл туралы брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді.
Облыста егінге орақ салу жұмыстарын жекелеген шаруашылықтарда тамыз айының 26 жұлдызынан басталса, ал жаппай егін жинауға қыркүйек айының 5 жұлдызынан бастап кірісуде.
- Күзгі егін жинау науқанын 10 қазаннан кешіктірмей аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта күріш танаптарынан су тарту шаралары атқарылуда, - деді басқарма басшысы.
Егін жинау жұмыстарына бөлінген 12,5 мың тонна дизель отыны белгіленген операторлар арқылы кестеге сәйкес алынуда. Егін жинау жұмыстарына қатысатын техникалар толық дайын. Барлығы 4266 бірлік техника қатысады. Бүгінде шаруашылық құрылымдарының қолында бар техникалардың әлеуеті егін жинау жұмыстарын мерзімінде аяқтауға толық мүмкіндік береді.