Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Гүлмира Әлназарова айтты.
Палата маманы облыс мектептеріне 2019 жылдан бері «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні енгізіліп, аталмыш пән аясында оқушылардың іскерлік қабілетін дамыту көзделіп отырғандығын жеткізді.
Ол үшін пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мақсатында аймақтың 108 ұстазы арнайы курстан өткізіліп, қажетті бағыт-бағдар берілген.
Биылғы оқу жылының І, ІІ тоқсанында «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнінде теориялық білім алған оқушылардың білімін бекіту, тәжірибемен ұштастыру мақсатында Кәсіпкерлер палатасы ІV оқу тоқсатында өңірдің барлық ауданы мен Қызылорда қаласы оқушылары үшін «қонақ дәрісі» шарасын ұйымдастырды.
Аталмыш шара аясында өз саласында жетістікке жеткен кәсіпкерлер мен бизнес-тренерлер оқушыларға кәсіп ашудың қыр-сырымен, өз тәжірибелерімен бөліскен.
«Қонақ дәрісін» облыстық оқу орталығымен бірге онлайн ұйымдастырдық. Қызылорда қаласы мен аудандардан 6 дәріске 700 оқушы қатысты. Оқушыларға қазір қолданыста бар мемлекеттік бағдарламалар, сұранысқа ие бизнес-идеялар мен аталмыш идеяларды қаржыландыру тетіктеріне қатысты ақпараттар берілді. Ал өңір кәсіпкерлері жеке бизнес құрудың тиімділіктері, кездескен қиындықтары мен алған сабақтары туралы тәжірибелерімен бөлісті», - дейді Гүлмира Әлназарова.
Кәсіпкерлер палатасы бұл бастаманы алдағы уақытта жаңа оқу жылында да жалғастыруды көздеуде.
Айта кету керек, «Кәсіпкерлік негіздері» пәні Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының бастамасымен 2014 жылы пилоттық негізде Қызылорда қаласындағы №9 мектеп-гимназиясында енгізілген болатын. Жобаның тиімділігі ескеріле келе «Атамекен» мен Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы ретінде республиканың барлық мектептері мен оқу орындарында енгізілді.