Қызылорда мен Франциядағы Ножан-сюр-Марн бауырлас қалалар атанды
Ел тәуелсіздігі жолында аянбай күрескен Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Мұстафа Шоқайдың ұлт мүддесі жолындағы қолтаңбасы зор. Қайраткердің Қазақстан мен Франция арасын жақын етіп, мәдени-рухани байланыс деңгейін арттыруға қосқан еңбегі ерек. Бүгінде Мұстафа Шоқай салған сара жолдың екі ел арасындағы ынтымақтастығы үзілген емес. Оның ішінде, Ножан-сюр-Марн қаласындағы қазақ қауымдастығы атақты жерлесімізді аса ризашылықпен, құрметпен еске алады. Бүгін онлайн-режимінде Қызылорда қаласы мен Франция елінің Ножан-сюр-Марн қаласы арасында бауырластық туралы келісімге қол қойылды.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан мен Франция арасында саяси, іскерлік, экономикалық және мәдени салаларда сапалы өзара қарым-қатынастар қалыптасқанын атап өтті.
- Екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар, сауда-экономикалық қатынастар және бірлескен ғылыми-мәдени іс-шаралар қарқынды дамып келеді. Қазақстанды Француз Республикасымен, оның ішінде Ножан-сюр-Марн қаласымен ерекше ортақ тарихи байланыстар біріктіреді. Оның айқын дәлелі Франция мемлекеті Сыр өңірінен шыққан жерлесіміз, Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайға ерекше назар аударып, құрмет білдіріп келеді. ХХ ғасырдың басында Мұстафа Шоқайға Франция біраз жыл пана болды. Бүгінгі күні Францияны өзінің екінші отаны ретінде көрген Мұстафа Шоқайдың құрметіне саябақ және Ножан-сюр-Марн қаласында мүсіні қойылғанын ерекше атап өткен жөн, - деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі жүзеге асыруға атсалысқан дипломатиялық және зиялы қауым өкілдеріне және Ножан-сюр-Марн қаласынның мэры – Жак Мартэн мен «Мұстафа Шоқай атындағы француз-қазақ достығы қауымдастығының» президенті – Яшар Динчке Сыр елі халқының атынан алғысын білдіріп, Ножан-сюр-Марн басшысын Қызылорда облысына арнайы келу туралы ұсыныс білдірді.
Өз кезегінде, Ножан-сюр-Марн қаласының мэры Жак Мартэн облыс әкіміне алғыс білдіріп, екі аймақ арасындағы бірқатар әлеуетті ынтымақтастық бағыттарын атап өтті. Қос тарап мәдени, экономикалық, спорт салаларында серіктестік орнатуға ниет білдірді.
Онлайн кездесуде «Мұстафа Шоқай атындағы француз-қазақ достығы қауымдастығының» Президенті Яшар Динч Сыр елі халқына ізгі тілектерін білдірді.
Кездесу соңында Қызылорда және Ножан-сюр-Марн қалаларының басшылары бауырластық туралы келісімге қол қойды. Өз кезегінде қала әкімі Ғанибек Қазантаев Жак Мартэнге алғыс білдіріп, облыс орталығында Франция елінің айтулы тұлғасының есіміне көше беруді жоспарланғанын жеткізді.