Қазір жұртты азық-түлік мәселесі көбірек толғандырады. Деректерге сүйенсек, дүниежүзінде сұраныс етке 2, суға 1,5 есеге көтерілген. Қазіргі кезде ет және ет тағамдарының тапшылығы байқалады. Болашақта өте қажет тауарлардың тізімінде болатындығын ғалымдар мен сарапшылар жиі айтып келеді. Азық-түлік өнімдерінің сапасы өмір сүру ұзақтығына әсер етеді. Халық дұрыс тамақтанса аз ауырады, өлім азайып, баланың өмірге келу деңгейі артады. Міне, бұл әлемдегі медицина ғалымдарының ғылыми тұжырымдамасы.
Сонда қарапайым халық қандай ас өнімдеріне көбірек көңіл бөлуі тиіс? Сонымен қатар, біздің өңірде өсірілетін қаракөл қой шаруашылығына қаншалықты мән беріп келеміз? Осы тұрғыда мамандар төмендегіше өз жорамалдарын жеткізеді. Мәселен, жас қозы еті таңдайңына татитын астың түрі саналады. Арнайы зерттеулердің нәтижесі бойынша жас қозы етінде ересек қой малы етіне қарағанда нәзік, жұмсақ, аса бағалы бұлшық еттері көбірек, сүйек мөлшері кемдеу, холестерині 2 есе төмен биологиялық құндылығы жоғары өнімге жатады. Мәселен, оның 100 грамында небары 29 мг., ал сиырдың осынша етінде 75 мг., шошқа майында 75-125 мг. болады. Қозы қорытқан азықтың 75 пайызына дейінін адам ағзасындағы бүлшық ет, май, сүйек құрылысына пайдаланады. Бұл олардың азықты өте жоғары сіңіріп, пайдаланатынын көрсетеді. Еділбай және қазақтың қылшық жүнді құйрықты тұқымдарының сақа қой еті майлы болғандықтан, ұзақ қорытылатын тағам түріне жатады. Қазіргі заманның тұтынушылары майлы ас мәзірлерін жақтырмайды. Жиі тамақтанатындықтан көбінесе жеңіл асты тұтынуға әуес. Олардың еттің сапасына талғамы өте жоғары. Әсіресе жастар мен ұлғайған адамдарға пайдалы. Осы тұрғыдан алғанда, майлылығы аз (10 % дейін) бәсекеге қабілетті қозы етін өндіру ісі инновациялық өндірістің талабына сай келеді. Әлемде жылына 9 млн. тонна қой еті әзірленсе, оның 90 пайызы қозы ретінде кәдеге жаратылады. Дүние жүзінде қозы етін ең көп өндіретін мемлекет ол Англия, Австралия және Жаңа Зеландия.
Қазіргі таңда Арал өңірінде қаракөл және қазақтың қылшық жүнді құйрықты қой тұқымдары өсірілуде. Олардың аналығының орташа тірідей салмағы 38-42 келіні құрайды. Қаракөл қой тұқымдарының төлдерінің өнімділігі қанша жақсы азықтандырылғанымен орташа тәуіліктік салмақтары төмен екені белгілі. Тірілей салмағы 27-30 келі төңірегінде болады. Бұл қойлардың негізгі пайда көзі оның етінен құралады. Өйткені, басқа қалған өнімдеріне сұраныс жоқ. Бұл көрсеткіш қой өсірушілердің жұмсалатын шығынын өтемейтіні олардың іс-тәжірибелерінен көрінуде. Осыған байланысты Арал өңірі қойларының ет өнімділігін арттыру бүгінгі таңның өзекті мәселесі болып табылады. Бұл міндет Арал өңірінің қойларын ет бағытындағы еділбай және қазақтың құйрықты тұқымды қошқарларымен будандастыру және будан қозыларды бордақылау мен мәдени жайылымда жаю арқылы жүзеге асыруға болады.
Бұрын қаракөл қой шаруашылығының даму деңгейіне баға бергенде өнімінің саны мен сапасы, қаракөл елтірісінің бірінші сорттылы орташа сату бағасы, етке өткізілген қойдың тірілей салмағы өсімге қалдырған ұрғашы қозылардың үлесі мен жалпы саны туралы көрсеткіштері негізге алынатын еді. Қазір ше, баспасөз ақпараттарында тек қой мен ешкінің саны және асылданған шаруашылықтың саны мен атауы ғана көрсетіледі. Кейінгі кезде өңірімізде қаракөл қой саны жылдан жылға азайып бара жатқаны белгілі. Оның себептері көп. Қазіргі кезде қаракөл қойын өсірудің экономикалық тиімділігі кеңес үкіметі кезіндегі деңгейден көп төмен. "Қой төлден өседі” демекші өсімге қалдырылатын тірі қозыны саны әр 100 аналыққа шаққанда 100 бастан кем болмауы керек, ол қазіргі кезде 50-60 бастан аспайды, сонымен қатар қойдың иегерлері, аналығынан айырған еркек қозыларын 28-30 келі салмақпен сатпай, ұсынып отырылған технология бойынша 42-44 келі дейін бордақылау арқылы жеткізіп сатуды ұйымдастырғандары жөн. Кеңес үкіметі кезінде қойға арналған қоралар мен бордақылау алаңы күрделі құрылысқа жатады.
Ендігі жерде жыл бойы сапалы, һәм сұранысқа ие болатын экспортқа бағдарланған бәсекеге қабілетті ет өндіретін өндірістің қажет екенін ұғынатын кезең туды. Бұл инновациялық технологияның басты мақсаты. Оны орындау үшін заманауи технология, құрал-жабдық, жаңаша көзқарас керек. Арал өңірінде қойдың екі бағыттағы қой тұқымы өсірілуде. Біріншісі таза тұқымдық қаракөл қойы, екіншісі ет бағытындағы қойды өсіру. Кейінгі кезде шаруа қожалықтар мен фермерлер қаракөл аналығын қазақтың құйрықты тұқым қошқарымен будандастыру жүйесіз ұйымдастыруда. Сонымен қатар етті майлы тұқымының аналығын сырттан әкеліп таза өсіру әдісімен шұғылдануға бетбұрыс жасалуда.
Қаракөл қой терісін жэне елтірісін өңдеп бұйым дайындау және оны сату арқылы қаракөл қой шаруашылығының экономикалық тиімділігін арттыру бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілді. Бұл бағытта кезінде өзім басқарған облыстық қаракөл қой шаруашылығы тәжірибе станциясымен Аманкелді атындағы эксперименталдық кеншарының негізгі міндеттерінің біріне жатқызып, оны орындау үшін дамыған Европа мемлекеттерінің тәжірибесімен танысуды жөн көрдім. Сөйтіп, алдымен Латвиядағы «Накотня» колхозының қой терісінен дубленка және басқа бұйым дайындап жатқан цехтің тәжірибесімен арнайы барып таныстым. Кейіннен сол цехтің үлгісін және қой терісін өңдеу үрдістерін зерттеп, қажетті құрал-жабдықтарды анықтауға арнайы бір маманды-зоотехникті Т.Абдрамановты іссапарға жібердім. Көп ұзамай Аманкелді атындағы эксперименталды кеншардың орталығынан тері мен елтірі өңдеу және бұйым дайындау цехі ашылды. Ол цехтың жұмысымен танысқан Чехословакияның тері илеп өнім дайындайтын өкілдері осы бағытта біріккен кәсіпорын ашу үшін мені арнайы шақырды.
Аманкелді тәжірибелік кеңшарында қаракөл қойының терісімен елтірісін өңдейтін цех ашып, оны қажетті құрал-жабдықтар, тігін машиналарымен және маман кадрмен қамтамасыз еттік. Қаракөл елтірісін өңдеудің үрдісін меңгеруді Қызылорда қаракөл қой шаруашылығы тәжірибе станциясының ғылыми қызметкері А.Жолмақановқа жүктелді. Ол қаркөл елтірісін өңдеудің технологиясын Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық тері (меховой промышленности) өндірісі ғылыми-зерттеу институтының зертханасында бірнеше ай бойы тәжірибеден өтіп, үйренді. Ал қой терісін өңдеуге қатысты үрдістерді меңгеру үшін мамандар Чехословакиядан арнайы кәсіби мамандардың Яромерж қаласында болып қайтты. Сондай-ақ, біздің мамандар Антони Запотоцкий атындағы комбинаттың бас директорының орынбасары Ирти Шишка мен Добрич қаласындағы теріден қолғап жасайтын комбинаттың инженер-технологі Нуска Иртидің арнайы шақыруымен бір ай кеншардың тері илеу цехінде қаракөл қой тоқтыларының терілерін өңдеумен айналысты. Қаркөл қой терісін өңдеп болғаннан кейін оның сапасына қарап шетелдік азаматтар маған:
– Суықты өткізбей жылылықты сақтау қасиеті бойынша меринос, биязы қойлардың терісінен артықтығы бар. Сіздер алтынды аяқпен басып жүрген екенсіздер, – деген еді. Сөйтіп, қой терісінен қысқа тон, каракөл елтірісінен әйелдер (бюретка) мен ерлердің бас киімдерін және аяқ киім бұйымдары тігіліп сатылды. Облыстағы қаракөл қой шаруашылығымен айналысатын кеншарлары өндірген қаркөл елтірісі Шымкенттегі қаракөл зауытына әрбір данасын 30-50 сом (кеңес үкіметі кезіндегі баға бойынша) аралығында сатылып жүрді.
Бұл міндетті орындауда сауда рыногында қаракөл елтірісінен жасалған бағалы бұйымдардың сұранысы және оның бағасы жоғары екендігі ескерілді. Осыған орай Мәскеу қаласында жұмыс істеп тұрған Оңтүстік Кореяның «Джиджо-Рус» атты комбинатымен 1991 жылғы тамыз айында біріккен кәсіпорын аштық. Екі жактық келісім бойынша Аманкелді атындағы кеншар өзінің өндірген 8 мың дана сұр қаракөл елтірісін беруді, ал «Джиджо-Рус» ол елтіріні өңдеп бағалы бұйымдар – жакет, манто, бюретка дайындап сатуды міндеттенді. Таза табыс 50 пайыз үлеспен бөлісуге келісілді. Бұл істің нәтижесі 6-8 ай мерзімде орындалып, табысы анықталды. Өңдеуге берілген 8 мың дана елтіріден Аманкелді атындағы кеншардың счетына 5900,0 мың сом ақша түсті. Оның бір данасы 650 сомнан сатылса, облыстың басқа қой шаруашылығы кеншарларының өндірген қаракөл елтірісінің орташа бағасы 50 рубльден аспағаны белгілі еді.
Сондықтан қаракөл елтірісін өңдеу мәселесіне өз деңгейінде зер салғанымыз артық емес. Бұл орайда нақты іс-шараларды қолға алғанымыз артықтық етпейді.
Нұрман Жундабеков,
биология ғылымының кандидаты,
Қорқыт ата ҚМУ оқытушысы,
.