Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қолөнер – ұлттық құндылығымыз

Кешегі Ұлы даланың ұрпақтары Сақ, Ғұн, Түркілер мен Оғыз-қыпшақтарға жылқыны тізгіндетіп, оларға ат-әбзелдері мен алтынмен апталған киім, аяқтарына етік, қолдарына бес қаруын дайындап, жағдай жасаған алтын қолды шеберлер болғаны даусыз.
Табиғи шикізаттармен қатар, төрт түліктің қажетке жарайтын тері-жүні, тарамыс, сүйек-тұяқ, ішек-қарын секілді бөліктерін өңдеп, одан тұрмыс қажеті үшін бұйымдар жасаған да шеберлер екені бесенеден белгілі. Шеберлер заманынан озып, бүгінгі заман ғылымының жетістіктеріне сол кезде жетіп, кейінгі ұрпаққа өнердің орындалу әдіс-тәсілдерін сол қалпында бұзбай жеткізген. Кейінгі өнер шеберлері де ұлттық мұраның алғашқы қалпын өзгертпей сақтап, уақыттың талабына сай түрлендірген. Бұйымдарды ұлттық нақыштағы ою-өрнектерімен безендіріп, эстетикалық талғамға сай бейімдеген.
Өнер шеберлерінің арасында ел құрметіне бөленгеннің бірі – ұста Тотпан Шырдабайұлы. Шебердің қасиеті – ел қажетін орындағанда еңбегін сатпай, халқының бергенін қанағат тұтқан. Ұрпақтары баба ұста дүкенін құрметтеп оны тұтынуда. Кезінде Тотпан ұста замандастары Арқаның атақты алпауыты – Құнанбай және Қараөзектік Мырқайдар Жарасбаевпен Меккеге қажылық сапарға барған. Қажылық міндеттерін өтеп оралғанда елден келетін ағайындар үшін деп қонақ үй «Тақия» салдырған. Қала әкімі «осы үйге елдеріңдегі қадірлі кісінің есімін қойыңдар» дегенде Мырқайдар мырза Тотпан ұста есімін қойғаны, бабаға, оның қасиетті өнеріне көрсеткен зор құрметі емес пе?!
Кейінгі дара тұлғалардың бірі – ұста Құрманғали Ма­ханбетұлы. Кеңес Үкіметі кезінде жүк вагондарын сүйреп келген паравоздың қозғалтқыш жетегі сынып, Тереңөзек бекетіне келгенде, ел басшыларының тапсырмасымен осы сынған жетекті қалпына келтірген. Ол кезде электрмен дәнекерлеу жоқтығын ескерсек, ұста өз шеберханасында сынған жерін бір-біріне жалғастырып бекітіп, паравоздың әрі қарай жүріп кетуіне мүмкіндік жасаған. Ол кісі екінің бірінің қолынан келе бермейтін мылтық жасау өнерін игерген атақты шебер болған.
Осы өңірдің тумасы Сексенбайұлы Сәдуақас ұста қалта, қабырға сағаттарын жөндеуші, тіпті кілті жоғалған сейфтің кілтін қайта жасайтын шебер болған. Бүгінде оның ұрпағы Сейділда Сәдуақасұлы ата жолын ұстанып, шәкірт тәрбиелеуде.
Ағаш шебері Марқа Қобландин – үй жиһазын жасаудың шыңына жеткен дара тұлға. Еңбектері бүгінде аудандық музейде және аудан көлеміндегі кей тұрғындардың үйінде әлі бар. Табиғат бұл кісіге ағаш оюмен қатар бейнелеу өнерін қоса берген нағыз хас шебердің өзі.
Сырдариялық мүсін өнерінің шебері, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, ауданның «Құрметті азаматы» Жәркен Исмағұловтың еңбектері Нұр-Сұлтан қаласының мәдени орындарының, облыс, аудан орталықтарының көр­кін ашуда.
Ал тігінші, дизайнер Ләтипа Қожықова, кілемші Қатша Өтешовалардың есімі бүгінде ұмытыла бастаған. Олар Ке­ңес кезеңінде бүкілодаққа танымал талант иелерімен бірге, бізге есімдері белгісіз талантты етікші, ерші, өрімші, үйшілік өнермен айналысқан небір өнер шеберлерінің еңбектерін жандандырғаны – болашағымыз үшін бағыт-бағдар.
Ләтипа, Қатша апаларының ізін қуған ізбасар сіңілілері елде жетерлік. Атап айтар болсақ, Қазақстан Қолөнершілер Одағының мүшесі, Айдарлы ауылынан кілемше-өрнек тоқу шебері – Роза Әлбатырова. Қолөнер шебері республикалық, халықаралық көрмелерде жоғарғы деңгейде өнер көрсетіп жүр. Білім беру саласында жастарға өнер саласы бойынша дәріс беріп жүрген ағаш шеберлерінің қатарында Сауран Жүсіпов бар. Ал тігінші-дизайнер Алтын Қожақова, Нұрсұлу Ажарова секілді жандар – ұлттық өнер­­дің жалғастырушысы. Осындай ел ішіндегі белгілі өнер шеберлерімен аудан көлеміндегі жастар арасында жиі-жиі кез­десулер мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылып отыр­­­­са, ұлттық қолөнердің үлкен кәсіпкерлікке апарар жолы болар еді.
Қолөнер – сан ғасырдан бері ақыл-ойдың және табиғатты түсіне білудің, шеберлік пен суретшіліктің туын­дылары. Шеберлердің жан дүниесінен өзіндік ерек­шелігімен өріліп шыққан өнер туындысы – адам жанын рухани жағынан байы­тып, талғам-тынысын, көңіл көкжиегін кеңейту құралы. Көрермен қауым осы өнер туын­­дысынан рухани азық алып, ол шеберге деген ризалық сезіміне ұласады. Өнер туындысы – шебердің маңдай тері, ақыл-парасаты, талғам-түсінігі, түрлі ғылымдар саласындағы белгілі дүние танымы, өзіндік ерекшелігімен қайталанбас қолтаңбасы.
Жасыратыны жоқ, аға буын өкілдері кейінгі жастарға үнемі көңілі толыңқырамай, оларға сыни көзқараспен қарай­тынымыз рас. Бірақ, қателік өзімізден екенін біріміз білсек біріміз сезбейтін секілдіміз. Кінәні өзгеден іздейтініміз, өз мінімізді қабылдамау екені анық.
«Ата-ана – ұрпағының бағбаны». Халық даналығында «Балам өнерлі болсын десең, өнегеңді көрсет» деген аталы сөзді кейде іске асыра алмайтын сәттер болады.
Ащы да болса шындық, ғасырлар бойы ата-баба­ларымыз кең далада төрт түлікті өсіріп, оның қадір қасиеті мен пайдасын игілігіне жарата білген. Төрт түліктің жүнінен киім, төсек орын, терісінен сырт киім, аяқ киім, ыдыс-аяқ жасаған. Сондай-ақ музыка аспабын даңғыра, дабыл, шертер жасауға пайдаланса, қой, ешкі шектерінен домбыраға перне-шектер дайындаған. Ал қарыннан кезін­де жер кепеде тұрғанда жарық түсіру үшін терезе орнына пайдаланғаны аға буын өкілдеріне таныс жағдай.
Малдың тезегін, қиын отқа жағып, төрт түлік өнімдерін қалдықсыз пайдаланған. Өмір сүріп, ұрпақ жалғастығы үшін табиғат ананы ластамай, оны қадірлеп, қастерлей білуі қандай көрегенділік пен данышпандылық десеңізші?!
Бүгінде біздер сол бабалар салты мен дәстүрін қалай жалғап келеміз десек, осы асыл игілігімізді жөнді жарата алмайтын дәрежеге жеткеніміз өкінішті.
Малдың еті мен сүті дәмді болған соң ғана оны тұтынудамыз. Қалған өнімдерін іске асыра алмай, бабалар секілді болашағымызға алаңдамай, керісінше, табиғат анамызды төрт түліктің өнімдерімен қоса басқа да тұрмыстық қалдықтармен ластап, бүлдіріп жатқан жайымыз өзімізге сын.
Дегенмен, әлі де кеш емес дер едім. Әрбір ата-ана ба­ла­ларының болашағын немен байланыстыруы керек екенін ойланғаны абзал. Баласының жеті-сегіз жасынан бас­тап, бойындағы қарым-қабілетіне қарай ата кәсіпке және сау­­да өнеріне баулыса нұр үстіне нұр болар еді. Мектеп қабырғасында алып жатқан білімін белгілі кәсіппен ұштастыра алуына ықпал ете білсе, баланың табиғатқа деген көзқарасы, еңбекке деген сүйіспеншілігі артып, қырсыздық, икемсіздік қасиеттер болмас еді. Сонымен қатар қоғамда белең алып отырған жұмыссыздық пен қылмыс әрекеттеріне қарсы тосқауыл болары айқын. Жас кезінде кәсіпті игерген жас өскенде оны әрі қарай дамытуы­­на мүмкіндігі мол.
Қазіргі заман кез келген адамның шағын кәсіпкерлікпен айналысуына мол мүмкіндік береді. Бұл – қуанышты жағ­дай. Әсіресе, жастар жағы кәсіпке кеңінен бет бұруда. Алайда, халық тұтынатын өнім толық сырттан әкелініп, кәсіп­керлігіміздің басым бөлігі алып сатушылық болып тұр.Кәсіпкер өндіретін өнімнің шикізаты мемлекет тарапынан дайындалса, отандық таза, сапалы өнімдер өндірілетін еді.
Аға ұрпақ – қоғамның алдында болашақтың тұлғаларын да­йындап беруші. Оны ұмытпауымыз керек. Барлық ата-ана өз баласының жаман болғанын қаламайды. Бәрі де өзгенің жақсы қасиеттерін көріп, «балам ойлана білетін, ойлаған ісін жүзеге асыра алатын жігерлі, батыл, өжет, намысшыл, іскер азамат болса» деген оймен ұрпағын тәрбиелеуде.
Дегенмен, бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесіндегі қол ең­бегі мен ой еңбегі арасындағы байланыстан алшақтап кет­кендейміз. Осының нәтижесінде, теориялық біліммен шектеліп, еңбекке икемсіз, шыдамсыз, қиыншылыққа төзе алмаушылық көптеп көрініс беретіні қынжылтады.
Менің айтпағым, жастар ата кәсіпке басымдық берсе, бар асыл қасиет – шыдамдылық пен төзімділіктің арқа­сында өзгенің еңбегіне деген құрмет пен сүйіспеншілік арта түседі. Әсем ән адам бойын тербетіп, сергітсе, өз қолымен орын­даған туынды жаныңды жадыратып, айналаға деген сү­йіс­­пеншілігіңді арттырар еді.
Сыр сүлейі Тұрмағанбет ақынның «Ойлы туған ерлерді, ға­­лым-ау десең болады» дегеніндей, бәріміз бірдей ғалым болмасақ та, ойлы бір кәсіп иесі болғанға не жетсін?! Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай білейік.

Жәнібек МАХАНБЕТ, Қазақстан Суретшілер
Одағының мүшесі, өлкетанушы
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: