Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Құс шаруашылығы қарқын алды

«Ер дәулеті – еңбек» – демекші, біздің өңірде еңбектің нанын татып, кәсібін дөңгелетіп отырған жандар аз еместігін газеттің өткен санында да айтқан болатынбыз. Міне, осындай еңбекке ерте жасынан араласып, алға ұмтылған жандардың бірі, біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Алмат Сармолдаев.
Негізінен, еңбек етуші халықтың көпшілігі шағын және орта бизнес арқылы нәпақасын айырғанда ғана еліміз белгілі бір тұрақтылыққа қол жеткізетінін Алмат жақсы біледі. «Кедейлік кетсін десең еңбек ет, молшылық жетсін десең еңбек ет» деген тәмсілді қаперінде ұстаған кейіпкеріміздің кәсіпкерлікпен айналысу бала күнгі арманы болыпты. Талай мәрте ашқысы келетін кәсібін арнайы бағдарлама арқылы анықтап, бизнес жоспар құрыпты. Оны жүзеге асыру үшін қаржы тетіктерін қалай тарту керектігі жөнінде ізденген көрінеді. Содан кейін Кәсіпкерлік палатасында «Бастау бизнес» курсына қатысып, дайындаған бизнес жоспарымен 252 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Алған ақшасына 40-қа жуық қаз бен инкубатор аппаратын алады. Инкубатор аппаратының арқасында құстардың санын көбейтіп келеді. Қорасындағы құстарға жайлы етіп қолдан қазып көлде жасаған. Қаздан өзге тауықта бар. Бүгінде Ақтоған ауылының тұрғыны Алмат Сармолдаевтың қорасындағы құстың саны 150 басқа жеткен. Оның айтуынша, қаз жем-азықты да көп талап еткенімен суыққа төзімді, жылдам жетіліп, тез оңалады. Алдағы уақытта оның санын көбейтуді жоспарлап отыр.
Осылайша, өз кәсібінің рахатын көріп отырған ақтоғандық азамат «Әрекет етпей берекет болмайды», – дейді. Расымен де оның бұл сөзі көпке ой тастайды. Тіпті, енжарды еңбекке шақырып тұрғандай әсер етеді.

Ш.ШАҒДАТҰЛЫ

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: