Сыр өңірінде біздің заманымызға дейін 2 мың жыл бұрын қала өркениеті дамыған
Сырдарияның төменгі ағысы көне ескерткіштерге толы. Соның ішінде Жаңадария, Іңкәрдария бойында сақ дәуіріне жататын көне қалалар жиі кездеседі. Өңірлік коммуникациялар қызметінде археологтар күніне орай өткен арнайы брифингте «Антик» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, археолог Жанболат Өтебаев Сыр бойындағы көне шаһарлар туралы жан-жақты баяндап берді.
Мәселен Іңкәрдария бойында б.з.д. 2 мың жыл бұрын қала өркениеті дамыған. Соның ішінде Шірік Рабат және Бәбіш молла ескерткіштерін айтуға болады. Қазіргі таңда қос ескерткіш кешенінде үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Брифингте археолог осы аумақтағы зерттеу жұмыстары туралы кеңінен айтып, Сыр бойындағы сырлы қалалардың құпияларын ашты.
«Соңғы жылдары Бәбіш моллада үлкен өндірістік ошақ табылған болатын. Өз заманында қыш өндірісі дамыған. 9 пештің орны бар. Бүгінде толыққанды зерттеу және тұмшалау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, сол маңайдан тарының дәні табылыпты. Соны Латвия мемлекетінде археологтар зерттеп жатыр. Бәбіш моллада егістік алқаптары көптеп сақталған. Ескерткіш маңынан бір әулеттің кесенесі табылып, бүгінде сол бойынша антрополог мамандарды шақырдық», - деді Ж. Өтебаев.