«Бірыңғай кезекшілік - диспетчерлік қызмет-112» пилоттық жобасын республикада алғаш болып енгізген өңірдің бірі Қызылорда. Бүгінде аймақта жоба арқылы барлық шұғыл желілерді яғни 101,102,103,112 қызметтерін «112» қысқа нөміріне бір қоңырау шалу арқылы шақыру мүмкін болды.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Юлия Тремасова хабарлады.
«Ағымдағы жылы біз қоңырауларды бір жүйеден қабылдауға көштік. Жүйе бойынша шұғыл сипаттағы ақпаратты көрсете отырып, шақыру карточкасы тиісті қызметке ұсынылады, олар дереу экипаждарды жібереді», - деді басқарма басшысы.
«Бірыңғай кезекшілік - диспетчерлік қызмет-112» желісіне ағымдағы жылдың 7 айында 305304 қоңырау келіп түскен. Оның ішінде төтенше жағдайлар бойынша (101 өрт сөндіру) - 769, құқық қорғау бойынша (полиция 102) – 25541, жедел жәрдем бойынша (103) – 278004, 112 желісі бойынша 990 азамат қоңырау шалған.
Сонымен бірге, былтырдан бері «109- Бірыңғай байланыс орталығы» да жұмыс істейді. Ол қала тұрғындары мен қонақтарынан барлық коммуналдық мәселелер бойынша «109» бірыңғай нөмірі арқылы өтінім қабылдайды. Осы жылы атамыш қызметке 95595 қоңырау түскен. Оның 22884-і электрмен жабдықтауға қатысты болса, 19254 қоңырау сумен жабдықтау мәселелерін көтерген. Көшені жарықтандыру бойынша – 17643, жалпы анықтама мәселелері бойынша 23457 қоңырау шалынған.