Төңкерілген бір тасын түрсең, тарихы тіл қататын шиелі жері толық зерттеліп бітпеді. Қарт Қаратаудың етегінен, арнасы кең Сырдария өзенінің аралығында орналасқан ауданның әлі де ашылмаған қырлары көп. Тарихтан белгілі тек Бестам, Жөлек емес, Жансейіт елді мекенінен де сыр бүгіп жатқан тарихи мұралар табылған. енді, Ескіден қалған елеулі шығыр 21 бекеттің жанынан табылды.
Бұл біздің өңірдің егінмен әлдеқайда ерте айналысқанының дәлелі. Х-ХІІ ғасырларда Отырар алқабынан табылған шығыр құрылғысы туралы тарихи деректерде жақсы мәліметтер келтірген. Сыр бойындағы егіншілік жерлерді суаруға арналған бұл құрылғының құрылымында аздап өзгерістер болғанымен, жалпы атқаратын қызметі бір. Қыстың салқынында шеңгелді шауып, қора тоқу кез келген ауылдың үйреншікті ісі. Бірақ, қалың шеңгелдің арасынан, қымбат мұралар шығады деген ешкімнің ойына кіріп шықпасы анық. Бақытбек Жүсіпов қорасының тесігін жамауға ниеттеніп, 21 бекет қорымының батыс беткейіне қарай аяңдайды. Темірдей мығым қолына балтасын алып, қалың шеңгелді отай бастайды. Кенет бір түбіртектің астынан құмыраны кезіктіріп қалады. Өзі қазып алуды жөн санамай, тапқан жерінде қалдырып, бетін шеңгелмен көміп тастайды. Мұның тегін емес екенін аңғарған Б.Жүсіпов бірден аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлеріне хабарлайды. Музей қызметкерлері жұмыстарына кірісіп, айтылған жерге жылдам жетеді. Тарихтың тереңіне көз жүгіртсек шығыр орта ғасырларда суармалы егіншілікке кеңінен қолданылған. Табылған жәдігер ауданның тарихының әріректе екенін айқындай түскендей. Жерден бір қарыс төмен, құмға арнайылап екі қатарға алты-алтаудан көміліпті. Музей қызметкерлері барлық шығырды қазып алып, ұрпаққа насихаттау үшін музейге орналастырды. Ертеректе дихандар өзен-көлдердің жиегінен енсіз, тайаз арық қазып, әуітке құйылып тұрған суды шығыр арқылы дөңдегі егін алқабына жіберіп отырған. Бір шығырмен жаз айларында 2-3 гектар егіндікті суара алған. Аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Әбуов: – Ұлы Отан соғысы жылдарында атақты тарышы Шығанақ Берсиев шығырдың көмегімен жұмысын жандандырған. Тарының әр гектарынан 201 центнерден өнім алып, дүниежүзілік рекорд орнатқан. Техниканың дамуына байланысты 1950 жылдары қолданыстан шығып қалған. Бұл ауданымыздың егін тарихы ертеректен бастау алатынының айғағы, – дейді мақтанышпен. Аудандық тарихи-өлкетану музейі алдағы уақытта шығырдың макетін жасап, көрермендерге, мектеп оқушыларына көрсетуді жопарлап отыр.