Жастардың талғамы бөлек. Әсіресе, жаздың күндері жеңіл киімге қазақы нақышта немесе өзге үлгіде болсын, ою-өрнек салдырып жатады. Тіпті, соңғы уақытта жейдесінің алдына атын не руын жаздыратындар жетерлік. Күнқағар бас киіміне де солай. Патриоттық сөздерді де оқып қаласыз мұндайда.
Біз бұны сөге жамандамаймыз. Еркін қоғамда олар қалай, қандай үлгіде киінеді, өз еркінде. Бастысы, ашық-шашықтан аулақ жүргенін мақұл көреміз ғой.
Айтпағымыз ол емес. Қазалы ауданының тұрғыны Фархатқа осындай тапсырыстар жиі түседі. Өйткені, өз шеберханасында киімге жазу немесе таңба түсіруді бизнес етіп бастағалы көп уақыт өте қоймаған.
– 2018 жылы базар жанынан «Фая» деп авто тігін цехын ашқанмын. Көліктің салоны мен орындықтарына әдемі қаптама (чехол) тігуді осылай бастадым. Қазір заманнан қалмайтын жастардың сұранысы ерекше ғой. Бірі жейдесіне атын жаздырып, келесісі патриоттық сөздердің өз киімінде таңбаланғанын қалайды. Сол сияқты қыз-келіншектер күнделікті пайдаланатын орамал-халаттарына қалаған есімдерін жаздырады. Кафедегі даяшылардың формасына да аты-жөнін жаздыру үйреншікті жұмыс. Ең аяғы сыйлық сыртындағы әдемі үлгідегі жазуларға тапсырыс беретіндер бар, – дейді Қазалы қаласының тұрғыны Фархат Баймұратов.
Өзбек ұлтынан шыққан оның еңбекқорлығы өз алдына бөлек әңгіме. Сүйікті кәсібінің жоспарын нақты құрған Фархат «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына барып, жобасын қорғапты. Оған дейін бизнес сабақ алып, арнайы сертификатқа да ие болғаны бар. Осылайша талапты жігіттің айы оңынан туған. Былтыр «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 миллион теңге грант ұтты.
– Грант қаржысына Қытай елінен арнайы тігін құралын алдырдым. Қазір сол станокпен жұмыс істейміз. Тапсырыс жетерлік. Адам баласының жауы – жалқаулық. Әкем өзбек болғанмен, анам қазақ. Бау-бақшаға да, ұсталыққа да жақынмын. Бір кездері вахтада да жұмыс істеп, жүк көліктерін де жүргіздім. Ең соңында сүйікті ісіме оралдым. Осы шаруамды әлі де жандандыра бермекпін, – дейді қазалылық кәсіпкер жігіт.
«Кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарлама өзін осы салаға арнағандарға көп көмек. Әрі бәсекелестікті де күшейтеді, ізденісіңді арттырады». Шағын бизнеспен шаруасын дөңгеленткен Фархат осылай дейді.
Ал кәсіпкерлігі дамыған елде жұмыспен қамтылатын халық саны артатыны белгілі. Жұмыс көзі табылып тұрса, ел жағдайы жақсы болары тіпті анық емес пе?!
Айта кетсек, Қазалыдағы бюджет кірісінің бірден-бір көзі осы – кәсіпкерлік. Бір ғана мысал, бүгінде ауданда кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5510-ға жеткен. Жыл басынан бері 636 азамат кәсіпкер ретінде тіркеліпті. Ал осы жарты жылдықта түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында 517 адам 2,3 млрд теңге қайтарымсыз грант пен несие алыпты. Сондай-ақ ауданда биыл 10 кәсіпкерлік нысан пайдалануға берілген.