Қызылордаға жарты жылдықта 42 236 адам турист келді
Алғашқы жартыжылдықта өңірімізге 42 236 адам турист ретінде келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға ұлғайғанын білдіреді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұрат Тасқараев туризм саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Жергілікті туризмді дамыту және Сыр өлкесінің тарихы мен мәдениетін насихаттау мақсатында "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасы ұйымдастырылып келеді. Бұл жобаның аясында 31 тарихи-танымдық экскурсия мен 3 тарихи экспедиция өткізілген. Жалпы облыста 4 жағажай, 12 демалыс орны және 13 туристік фирма жұмыс істейді.
«Бүгінгі күні 6 нысанды іске қосып, 120 жаңа жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз. Биылғы жылы өңіріміздің туристік әлеуетін дамыту мақсатында облыстық бюджеттен тиісті қаржы қаралып, "Қолөнер-асыл қазына" жобасын ұйымдастыру қолға алынды. Көрме 30 қыркүйек күні облыс әкімінің қатысуымен өтеді деп жоспарлануда. Шараның басты мақсаты − халқымыз қастерлеген ұлттық өнеріміздің жас ұрпақтарға үлгі боларлық тәрбиелік маңызын айқындау», - деді Мұрат Тасқараев.