Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қайтарымсыз несиеге қол жеткізді

Зинаттың мамандығы – фельдшер. Он саусағынан өнері тамған анасының қасында кішкене кезінен тігін тігіп, құрақ құрап үйренген қыз өсе келе, өзінше іздене жүріп, қолөнер бұйымдарының түр-түрін тігуге құмартты. 
Қазалының қызы  Арал ауданының Қосжар елді мекеніне келін болып түскеннен кейін ауыл тұрғындарының қажетін өтеу мақсатында тігін машинасын сатып алып, қолөнерін дамытуды ойлады. Оңтайлы жолын сұрастыра келе, ауыл әкімдігінен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қайтарымсыз несиеге қол жеткізуге болатынын білді. Сөйтіп, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында «Бастау-Бизнес» курсында кәсіпкерлік бойынша білім алып, нәтижесінде бизнес жоспарын қорғап, қайтарымсыз несиеге қол жеткізді.
– Мұндай мүмкіндік маған үлкен күш берді. Алдымен тігін машинасын сатып алдым. Одан кейін ине-жіптен бастап барлық керек-жарақтар мен маталардың түр-түрін таңдап алуға қол жеткіздім. Қазір ақпараттық техниканың заманы ғой. Әлеуметтік желі арқылы қолөнер бұйымдарын, атап айтқанда, көрпе-жастықтан бастап, сәнді әшекейлер, тойға қажетті жабдықтар мен қоржын-қалталар, сондай-ақ қазақы ою-өрнектермен көмкерілген сөмкелер тігіп, арнайы парақшамда көрсеткенде, тапсырыс берушілер қатары көбейді. Тіккен киімдерім мен қолымнын шыққан қолөнер бұйымдарының сұранысқа ие болуының басты себебі, барлығында ұлттық ою-өрнек элементтерінің қолданылуы. Бүгінде еліміздің барлық қалаларынан тапсырыс алып, қалаған бұйымдарын тігудемін. Керек материалдардың барлығын Ташкент қаласынан арнайы алдырамын. Ұлтымыздың қолөнері ауыз толтырып айтарлықтай бай. Оның қаншама түрі сақталған. Оюмен хат жазған халықпыз ғой. Сондықтан кәсібімді ары қарай дамытсам деген жоспарым бар, – дейді Зинат Дүкенбайқызы.
Ісмер келіншек ауыл мектебінде қолөнер үйірмесін ашып, шәкірттерді бірнеше ай бойы тігін өнеріне баулығанын айтады. Алған тапсырыстарына байланысты қасына бір-екі тігінші алғысы келгенімен, талаптанған жанды таба алмаған.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: