Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Жол бойындағы жаңа кешен

Ауданда кәсіпкерлік нысандар бой көтеріп, ол одан әрі дамудың үстінде. Сөзіміздің дәлелі – алыстан көз тартып, менмұндалайтын «Керуен» жол бойы кешені. Қазіргі заман талабына сай салынған нысанның сыртқы келбетіне сүйсіне қарайсың. Батыстан күн сәуле шашқан орын Төретамнан өте берістегі тегіс жолдың бойын нұрландырып-ақ тұр.
Осыдан бірнеше уақыт бұрын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің 1 570 шақырымының оң жағынан «С» санатындағы жол бойындағы сервистік нысан» инвестициялық жобасы ресми халыққа қызмет көрсетуді бастап, «Керуен» жол бойы кешенінің тұсауы кесілген. Халықаралық автокөлік дәлізінің бойында «Байқоңыр и К» құрылысы аяқталып, жобаның толық құны 99,0 млн теңгені құрапты. Ал жоба құрылымында дүкен, шайхана, қонақ үй, дәретхана, көлік тұрағы жұмыс жасауда. Ғимараттың халыққа қызметін бастағанын ести сала Төретамға жол тарттық. Мұнда кешенді бір шолып, қызмет орнымен таныстық. Осы жердің иесі, жеке кәсіпкер Ғалымжан Кенжебаевпен тілдесіп, аз-кем әңгімелесудің сәті түсті.
Ол 1982 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Кәсіппен 2006 жылдан бастап айналысып келеді. Алғаш кәсіпті бөлшек саудадан бастаған екен. Яки Қостанайдан ағаш әкеліп Қызылорда қаласында сатқан. Одан соң кәсібінің көкжиегі кеңейіп, ауқымы артып құрылыс заттарын сата бастайды. Осылайша кәсіптің көзін тапқан жан неге осы кәсіп түрін таңдағанын айтып берді.
– Қазір кәсіп ашамын дегенге мүмкіндік көп. Болашағы бар, тиімді және табысты бизнес болғандықтан осы кәсіпті қолға алдым. Қазіргі таңда бір мезгілде 60-70 адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Басқаға қарағанда ерекшелігі, мұнда ауыр жүк көліктерді көтеретін, әрі желімдеуге арналған құралдар орнатылған. Болашақта көлемін ұлғайтып, А категориясына өткізу жоспарда бар, – дейді кәсіпкер.
Бизнес, қаржы, экономикадағы біліктілік кез келген адамға қажет. Іскерлік әлемге бойлай білу өміріңізді, ұстанымыңыз бен бағытыңызды, тіпті мансабыңызды да өзгертуі мүмкін. Біздің кейіпкер – бизнес саласына еңбекпен біте қайнасып, біраз жетістіктерге қол жеткізді. Оның кәсіп ашсам деген жастарға айтары бар.
– Кәсіп ету үшін адамға бірқатар қабілет керек. Соның бірі – ұйым­дастыру, іздену. Бұл тұрғыда бас­тағалы отырған кәсіпті дұрыс таңдай білу де, нарық экономикасын жан-жақты зерттеу мен тұтынушының өнімге деген сұранысын бажайлау да маңызды екенін естен шығармаған дұрыс. Бүгінде кәсіпкерлікті қолдау үшін мемлекет тарапынан да біршама бағдарлама жүзеге асуда. Бос жүрмей жаңа идеямен тың жоба жасап, оны қорғап, түрлі жобаға қатысып неге бақ сынап көрмеске? Әрине, бастапқыда қорқу болатыны рас. Дегенмен тәуекел етіп, жігеріңді нықтауың керек. Құлайсың. Сол сәтте қолды бір сілтемей, қайта тұрып, басты көтеру керек. Кәсіп деген ойнамалы болады. Тепе-теңдікті ұстап, дағдарыстан шығу жолын қамдана білсең, берілмесең, сенімді, әрі мақсатың айқын болса алмайтын қамал жоқ. Ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң – еліңнің туын көкке көтере аласың. Қажеттілігіңді өтей аласың. Бастысы – талмай-тынбай еңбек еткеніңнің жемісін көру. Сүйікті кәсібіңнен рақат алу, – дейді Ғалымжан Арыстанбекұлы.
Кәсіп ету – ел-жұрттың жылдан-жылға өрісін кеңейтіп, заман талабына сай өмір сүруіне тынысын ашуда. Оған біз айтқан жол бойындағы жаңа кешен дәлел.

Айнұр ӘЛИ

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: