Сырдария ауданы, Ақжарма ауылының тумасы Әбіласанов Арнұр 2014 жылдан бері ата кәсіп мал шаруашылығын бастап, бүгінде отбасылық бизнесін дамытып отыр.
Жылқы малын көбейту және бордақылау жобасы арқылы «Еңбек» бағдарламасы аясында«Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы 3,0 млн теңге жеңілдетілген несие алған кәсіпкер бүгінде мал басын көбейтіп, жылқыдан басқа, мүйізді ірі қара мен қой санын да арттырған. Мал басы көбейген жылқышы мал сояр орынды да салып алған.
Бие ұстап ауыл тұрғындарына саумал сатып отырған шаруа бие сауар уақытта едәуір кезектің қалыптасып қалатындығын айтуда.
Жылқы малын жанына серік еткен Арнұр алдағы уақытта отбасылық бизнесін үлкейтіп, мемлекеттік бағдарламалардың көмегін пайдаланатындығын жеткізуде.
Айта кету керек, Сырдария ауданы бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында, жобаның екінші бағытымен «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру» тетігіне 200 адамға республикалық бюджеттен 116680,0 мың теңге қаржы қаралып, 1 қазанда грант иегері атанған 200 адамға 116680,0 мың тенге төленді. Оның ішінде 93 - жастар, 2 – мүмкіндігі шектеулі жан, 21 - АӘК алушы азаматтар болып отыр.