Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Кәсіптің көзін тапқан азамат

Бала күнімізде әпке-қарындастарымыз қолдарына ысқыш пен сабынын ала жөнеліп, кілем жууға асығатын еді.
Кішкентай болған соң оларға бәрі қызық... Тіпті, бір балмұздаққа туыстарының да кілемін жуып кететін. Шіркін! Қазір қалай? Қазір заман дамыған. Үйде кілем жуып жатқан адамды сирек көретін болдық. Себебі, дамыған технологияның арқасында адамдардың шаруасы жеңілдейді. Бұрынғыдай салқын суға қолды малып, белі бүгіліп, төсеніштерді жумай-ақ, түрлі аппараттардың көмегімен үйіміздегі дүниені тазалап алуымызға болады. Аудан көлемінде де қазірдің өзінде бірнеше кілем тазалайтын орындар бар. Олардың барлығы өз маусымдарында қызу жұмысқа кіріседі. Бұны да кішігірім кәсіп түріне жатқызуға әбден болады. Кәсіптің көзін тапқан Асхат Бижігітов бірнеше жыл бұрын Тәуелсіздік көшесі бойынан жұмсақ жиһаздар және кілемдерді химиялық тазалайтын цех ашты.
Бүгінде Асхат басқаратын «Көркем» кілем жуу цехы күніне 30 шақты кілемді жуады. Бағасы да тұрғындар көңілінен шығуда. Ол өзі жинаған қаржысына химиялық тазалауға қажетті құрылғылар сатып алған. Бүгінде оның цехында жұмсақ жиһаздар мен кілемдерді тазалауға арналған роторлы машина, арнайы шаңсорғыштардың түр-түрі бар.
Кейіпкеріміз 2015 жылы кәсібін бастаған. Бүгінде арнайы цехта 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда. Кілем жуу аппарат арқылы жүргізілгенімен ондағы қызметкерлерге жүктелер жауапкершілік те жоғары екеніне барған кезде көзіміз жетті. Себебі, қызметкерлер алдымен кілемді қолмен жуып, содан кейін барып аппараттарға салады. Қызметкердің айлық жалақысы 120000 мың теңге көлемінде. Тапсырысқа әкелген кілемнің жуғаннан кейінгі түрін көрсеңіз, бір қылау таппайсыз.
Жақында Нұргүл Өтемісқызы «Көркем» кілем жуатын орталыққа 4-5 кілемін жууға берді. Екі-үш күннен кейін кілемді жуып әкеліп беріпті. Жуылған таза кілемді көрген Нұргүлдің жүзі жайдарлы, кәсіпкер азаматқа дән ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Өйткені, жуған кілемдері мұнтаздай тап-таза екен. «Қаншама ақшаға жуғыздым, бірақ жап-жаңа дүкеннен сатып алынған кілемдей» дейді қуанышты жүзбен.
– Бізге келген тапсырыс еш уақытта кері қайтқан емес. Әр тапсырысқа мұқият қараймыз. Кілем мен жұмсақ жиһаздың әр шаршы метріне 300 теңгеден аламыз. Жеткізу тегін. Бағасы қымбат емес. Қазір аудан тұрғындарының дені жиһаздары мен кілемдерін сияқты цехтарға апарып тазартады. Себебі, көп қабатты үйлерде тазалауға мүмкіндік жоқ, – дейді Асхат.
Цех бүгінгі күні таңғы 9-дан кешкі 21:00-ге дейін жұмыс жасайды. Асхат түскен тапсырыстарды өзінің жеңіл көлігімен әкеліп, цехта тазартып, кейін үйлеріне жеткізіп береді. Жас кәсіпкердің алға қойған жоспарлары көп. Алдағы уақытта ол өз кәсібін кеңейтіп, осы бағыттағы жұмыстарын әлі де дамытқысы келеді.
Бүгінде екі қолға бір күрек ұстаған адамға жұмыс табылады. Ең бастысы, шынайы ниет пен үлкен мақсат керек. Ал, қалғандары өз уақытымен бола береді. Кейіпкеріміз секілді ауданда кәсіпкерлікпен айналысатын жастардың саны күннен-күнге көбейіп келеді. Бұл ең алдымен кәсіпкерлік саласының дам­­уына өз үлесін тигізсе, екіншіден жас­тар өзін, сондай-ақ басқаларды жұмыспен қамтамасыз етеді.

Шапағат Тілеубаев
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: